Талғар ауданындағы «Сегіз көл» демалыс кешенінде Алматы облысының агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері күні өтті. Жиынға қатысушылар алғашқы кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады.
Өңірдегі керемет туристік нысан саналатын «Сегіз көл» демалыс аймағында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған салтанатта облыс әкімі Амандық Баталов үздік агроөнеркәсіп кешені құрылымдарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Олардың қатарында «Ең үздік шаруа қожалығы» атанған «Хильниченко и К» командиттік серіктестігі мен «Үздік ауыл шаруашылығының тауарөндіруші кәсіпорыны» номинациясының жеңімпазы — «Байсерке Агро» ЖШС ВАЗ автокөліктеріне ие болды.
Жиында Амандық Ғаббасұлы еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына байланысты атқарылатын шараларға тоқталды.
— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, Отанымыз Қазақстан 30 қарашадан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болды. Біздің облыстың аграрлық бағытты ұстанатындығын ескеретін болсақ, алдағы уақытта ауылшаруашылық өнімдеріміз біздің «мұнайымыз» болуы керек.
Өндірілген өнімдер бірінші кезекте бәсекеге қабілетті, Дүниежүзілік сауда ұйымының барлық талаптарына сай болуы тиіс. Ол үшін бұл бағытқа инвестиция тартуды қарқынды жүргізу, жаңадан өндірістік нысандарды құру, қолданыстағы кәсіпорындарды модернизациялаудан өткізуіміз қажет, — деді А. Баталов.