5-6 желтоқсан күндері Алматыдағы Республика сарайында өткен «Тәуелсіздікке тағзым» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы жеңімпазының есімі анықталды.
Жыр сүлейлері Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан және жас ақындар Жәнібек Бейбітұлы, Ержан Әміров, Нұрлан Есенқұлов қатарлы 22 ақын қатысқан жыр додасының бас жүлдесін павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев жеңіп алды. Ол «Алтын домбырамен» қоса 3 млн. теңгеге және 150 мың теңге ынталандыру сыйлығына ие болды. Бірінші орынды қостанайлық азулы ақын Айбек Қалиев еншілеп, 2 млн. теңгені иеленсе, екінші орынға тең түскен Иранғайып Күзембаев пен Мейірбек Сұлтанхан жеке-жеке 1 млн. теңгені қанжығалады. Үшінші орын Қалижан Білдәшев, Жансая Мусина және Еркебұлан Қайназаровқа бұйырды. Оларға 500 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді.
Биыл төртінші рет өткізіліп отырған «Алтын домбыраның» ең алғашқы жеңімпазы Мұхтар Ниязов болатын. 2013 жылы бәйгенің бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов еншілесе, өткен жылғы «Алтын домбыра» Балғынбек Имашқа бұйырған еді.
Айта кетейік, бұл жолғы «Алтын домбыра» аламан айтысы «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен өтті. Биылғы жылдың атаулы мерекелері болған – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан Жеңісінің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай еліміздің бас партиясы осы жылдың өзінде 6 республикалық және 8 аймақтық ақындар айтысын ұйымдастырды.