Ғарышкер Айдын Айымбетов Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атанды.
Батыр туған жері — Талдықорғанда студенттермен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті. Айымбетов бұл оқу орны өзіне ыстық екенін жасырған жоқ. Өйткені 2006 жылы осы университеттің физика-математика факультетін сырттай бітірген. Ғарышкер өзі оқыған дәріс аудиторияларын аралап, зертханалық жұмыстарымен танысты. Кітапхана мен мұражайды қызықтады. Ал акт залында өткен жиында студенттерге Елбасы Жолдауы мен ғарыш саласы туралы дәрісін оқыды.
Айдын Айымбетов, Халық Қаһарманы, ғарышкер:
— Кез келген табысқа жетудің басты кепілі – білім. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында оған ерекше мән беру керектігін айтты. Қазіргі жастарға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Олар 3 тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруі қажет. Қазақстан жастары бақытты. Мемлекет оларға не қажеттің бәрін жасап отыр. Жастар мұны тиімді пайдалануы керек.