Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтармен кездесуі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жақсы үрдіс бойынша биыл да осы кездесу ұйымдастырылып, Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында сіңірген еңбектері үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетудің сәті түсті.
Амандық Ғаббасұлы Алматы облысына қарасты аудан, қалаларда тұрып жатқан Желтоқсан оқиғасына қатысқан жетісулықтарды құттықтап, Тәуелсіздікке қол жеткізудің оңай еместігін, ал оны ұстап тұрудың одан да қиын екендігін атады. Сондай-ақ өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайында болып жатқан оңды өзгерістер мен қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмаларының орындалу барысы, ауылшаруашылығы саласын дамытудағы үлкен бастамалар мен жетістіктер, облыс орталығы Талдықорған қаласында салынып жатқан сәулет көркі жарасқан зәулім ғимараттар мен өңіріміз арқылы өтіп жатқан республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы, «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын құру мен Ұлы Жібек жолын жаңғыртқан «Батыс Европа — Батыс Қытай» халықаралық жолының құрылысы, осының барлығы бүгінгі күннің ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктері екендігін атап өтті.
Кездесу барысында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар атынан сөз алған Е.Шаймерденов пен Е. Жүнісхан желтоқсандықтарға облыс басшылығының тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білідіріп, алғыстарын жаудырды. Сондайқ-ақ кездесуге жиналған барша азаматтарды алдағы күндері аталып өтетін Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
Кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Естеріңізге салар болсақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстың барлық аудан, қалаларында мәдени – көпшілік шаралары, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ұлттық ойындардан түрлі сайыстар, патриоттық әндер байқаулары өтетін болады.