Бикен Римова атындағы облыстық драма театры өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы орайда барша облыс тұрғындары мен қонақтарын осы қуанышты бөлісуге шақырады. Мерекелік шараның басталуы 12 желтоқсан күні сағат 11.00-де. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте театр директоры Ғалия Темірбаева мәлімдеді.
Журналистермен болған брифингте Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебеков, театрдың көркемдік жетекшісі, «Құрмет» белгісінің иегері Серік Нұрхалық, және өз уақытында талай жыл Алматы облысының театрында бас режисер қызметін атқарған, қазіргі таңда Қызылорда облысындағы Н.Бекежанов атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі қызметінде жүрген Қазақстанға Еңбегін сіңірген қайраткер Хусеин Әмір-Темір Алматы облысының театр ұжымының өткенінен сыр шертіп, театр ұжымының құрамы, қойылымдарының ерекшеліктері, гастрольдік сапарлары мен сахна сыртындағы қызықты естеліктерін әңгімелеп берді.
Баспасөз-конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап қатқан театр саңлақтарынан театрдың мерейтойын атап өту кезінде қонақтарды көлемді әрі қызықты бағдарлама күтіп тұрғандығы, ал ол қызықтарды тек келген азаматтар ғана өз көздерімен көріп, бағасын беретіндігі, мерекелік бағдарламаның сол үшін соңғы минуттарға дейін құпия сақталатындығы белгілі болды. Бір белгілісі, өнер ұжымын құттықтауға, еліміздің түкпір-түпкірінен көптеген өнер майталмандары жиналуда.
Б. Римова атындағы драма театрдың директоры Ғ. Темірбаева:
— Өнер саласында еңбек ету көптің ойындағыдай оңай іс емес. Күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, жаңа қойылымдар әзірлеп, соны сахналап, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленген сәтте төккен теріңнің зая кетпегендігін сезініп, бір марқайып, шаршағандығыңды бір демде ұмытып кетесің. Тек жүрекпен сезініп ойнаған қойылым – көрерменнің жүрегінен орын алатындығы белгілі. Киелі өнер ұжымы бүгінде елімізге әйгілі болып жүрген талай режиссерлар мен актерларды, әртістер мен өнер қайраткерлерін тәрбиелеп шықты. Біздің, яғни үлкен буын өкілдерінің мақсаты, артынан талантты да шебер, ізімізді басуға лайықты театр саңлақтарын тәрбилеу.
Осы жылы Алматы облысының әкімі жаңадан театр ұжымына 10 бірлік бөліп, қатарымызды он талантты жастармен толықтыруымызға үлкен үлесін қосты. Өңір басшысы Амандық Баталов театр ұжымын алда талай жақсы жаңалықтардың күтіп тұрғандығын атаған болатын. Уақыты келгенде баршамыз сол жаңалықтардың куәсі болатындығымызға сенімдіміз, — деп ойын қорытты.