Атырауда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, қазақ елінің Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш орнатылды.
Жүрегі Отаным, елім-жерім, Қазақстаным деп соққан қаламгер бар болғаны 48 жыл ғұмыр кешсе де, артына мол әдеби-рухани мұра қалдырған тұлға. Ақынның 80 жылдық мерейтойына орай биыл туған жері Атырау облысында 80-ге жуық мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылған. Осы шаралардың қорытындысы ретінде облыс орталығындағы «Салтанат сарайының» алдына ескерткіші қойылды.
Қадыр Жүсіп, ақын:
— Жұмекеннің мынадай өлеңі бар еді. Жұмсамаңдар достарым мені елге, елге жетер қуат бар әлі менде. Дала деген тәуіпке көрінейін, емделейін тағы да барып елге. Міне, өзінің еліне келді. Жастар осы жерге келіп, өлеңдерін оқып, Жұмекеннен үлкен рух алады, күш алады, шығармашылық жігер алады деп ойлаймын.