Бүгін облыс әкімдігінде Оңтүстік Қазақстан облысының бренді ретінде дайындалған жобалар таныстырылымы бойынша жиналыс өтті. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы Б. Атамқұловтың төрағалығымен өткен жиында оңтүстік өлкесінің барша құндылықтарын бір таңбаға сыйдырған үлгілер баяндамасын ҚР Суретшілер одағының мүшесі С. Буксиков жасады.
Өңірдің тарихы мен мәдениетін зерттеу нәтижесінде суретші қонақжай халқымыз бен экотуризм, өңірдің Ұлы Жібек жолының жүрегі және қызғалдақтар отаны екенін басымдыққа алып, 20 шақты бренд жобасының үлгісін көрсетті. Жұмыстарды әзірлеу кезінде суретші облыстың бірегей құндылықтарын көрсетуге тырысқан.
Бұл ретте ол әлемнің алып қалалары Париж – романтика, Дубай – сенімділік, Гонконг – сауда-саттық, Милан – стиль, Нью-Йорк – энергия елі екені ретінде танылғанын мысал етті. Жиында көрсетілген барлық таңбалар бойынша облыс басшысы С. Бурсиковқа сын, ескертпелерін айтып, кей логотиптерді толықтыруға ұсыныс жасады. Сонымен қатар өңірімізге шақыратын жарнамалық билбордтар дайындап, оны республиканың алып шаһарларына ілуді, ғаламтор желісі арқылы шетелдерге де танытуды ұсынды.
Сондай-ақ ішкі және сыртқы нарыққа экспорталатын жергілікті өнімге облыс таңбасы жапсырылып, босатылуы керектігін айтты. Бұдан бөлек облыстың аудан, қалаларын айғақтайтын арнайы бренд жасауды ұсынды. Оңтүстік Қазақстан облысының бренді өңірдің қазақ ұлтының ежелгі мекені болғанын білдіруі тиіс. Біздің бренд ешкімдікіне ұқсамауы керек. Аймаққа келген қонақтар біздің бір затымызды көргенде оңтүстікте жүргенін үнсіз ұғынып, аймақ тұрғындарының патриот екендігіне көз жеткізуі керек. Оңтүстіктің таңбасына өлкеміздің барша құндылықтары сыйып тұруы қажет, — деді облыс әкімі Б. Атамқұлов. Күн тәртібінде Ontustik Sapa тауарөндірушілері мен жеткізушілерінің қауымдастығын құру жөнінде ұсыныс тыңдалды. Сондай-ақ Ресей нарқындағы отандық тауарларды ілгерілету жобасы аясындағы көрмеге жергілікті кәсіпкерлердің қатысатындығы айтылды. Бұдан бөлек жиында Ресей Федерациясының аймағында «Оңтүстік Қазақстан» экомаркеттер желісін ашу (Мәскеуде – 7, Санкт-Петербургте – 1, Томскіде — 2) ұсынылды.