Қазақстанның ауыл шаруашылық тауарлары енді Вьетнам елінде де еркін саудаланатын болады. Мұндай мәлімдемені бүгін Парламент Сенатының депутаты Асхат Күзеков айтты.
Бүгін Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ мүше-мемлекеттері мен Вьетнам Социалистік Республикасы және өзге де тараптардың арасындағы еркін сауда айналымы келісімін ратификациялау» жөніндегі заң жобасы талқыланған болатын.
«Біз отырыста жоғарыда аталған құжатты талқылап, қолдап Сенаттың жалпы отырысына шығаратын болып шешім қабылдадық. Ал енді бұл заң жобасының бірнеше ерекшеліктері бар. Оның біріншісі – ЕАЭО құрылғалы сырт мемлекеттермен еркін сауда жөнінде жасалған алғашқы келісім болса, одан кейінгісі бұл ЕАЭО аясындағы еркін сауда аумағына қызығушылық танытып отырған Үкіметтердің бар екендігін айғақтайды. Сонымен қатар, тағы бір ерекшелік ретінде атап өтуге тұрарлық мәселе – бұл құжаттың бастамашылығына өткен жылы Бурабайда қол қойылған келісім арқау бола алады және бүгінгі заңымыз мейлінше халықаралық талаптарға сай келетіндей етіп әзірленген. Әсіресе, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен ЕАЭО елдерінің даму стандарттарына сәйкестендірілген» дейді сенатор.
«Сондай-ақ, бұл құжат ел кәсіпкерлеріне не береді деген мәселеге келетін болсақ, оның бірқатар артықшылықтары болады. Мысалы, кедендік баж салығы мен бақылау жүргізуде жеңілдіктер қарастырылады әрі біздің экспорттық өнімдеріміз Вьетнамға барғанда да тиісті жеңілдіктермен өткізіледі. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы өнімдеріміз бидай, ұн, сиыр еті секілді тауарларымыз арзан бағамен барып, еркін сауда аймағындағы өтімділігі күшейеді деген сенім бар. Ол жақтан келетін тауарларға да сондай мүмкіндіктер беріледі» дейді А. Күзеков.
Айта кетейік, аталған құжатта ЕАЭО аясындағы мүше-мемлекеттің тиісті органдары қызу талқылау үстінде. Құжатқа мемлекет басшылары қол қойғаннан кейін Еркін сауда аймағында толық күшіне енетін болады.