Алматыда Инновациялық гранттарға байқау жарияланды. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл байқауда өз ісін жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлерге, әйелдерге, еңбекке қабілеті жоқ мүгедектерге және 50 жастан асқан азаматтарға бизнесті дамытуға мемлекеттік гранттар бөлінеді.
Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жеңімпаздарға 3 млн. теңгеге дейін гранттар беріледі. Бұл үшін байқауға қатысушылар байқау талаптарына сай болулары тиіс. Мысалы, олардың әзірлеген бизнес-жобаларының идеясы жаңашылдық сипатқа ие болып, бәсекеге қабілетті болуы қажет. Яғни, лайықты маркетингтік сараптама жүргізіліп, аталмыш кәсіпорынның тауарға немесе қызметке деген нарықтық қажеттілігі белгіленуі керек. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыруға болатын үй-жай, сату нарығы және жобаның өндірісті іске қосуға қатысты дайындық деңгейінің болуы шарт. Бұдан басқа, бизнес-жобаның тағы бір ерекшелігі — байқауға қатысушы оны жүзеге асыруға кететін шығындардың белгілі бір мөлшерін өзі төлейді. Бұл сома сұралған гранттың кем дегенде 10 пайызын құрауы тиіс.
Гранттың ақшасы жылжымайтын мүлік немесе жер телімін сатып алуға немесе жалдық төлемдерді төлеуге қолданылмайды.
Грант туралы егжей-тегжейлі ақпаратты мына сайттан алуға болады:
http://almaty.gov.kz/page.php?page_id=1320&lang=3&article_id=27624 (қаз)
http://almaty.gov.kz/page.php?page_id=1319&lang=1&article_id=27619 (орыс)
Конкурстың ұйымдастырушысы: Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.