Бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында қазақ халқының тарихы, мәдениеті, шежіресі, салт-дәстүрлеріне қатысты өте сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың қазақ тіліндегі бірқатар нұсқасының тұсауы кесілді.
Олар аталған ғылыми кітапхананың сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы материалдар негізінде дайындалған.
Бірінші кітап: «Қазақ жазбаларындағы хандар шежіресі» деп аталады. Оған сонау 18-ші ғасырда шағатай тілінде жазылған, ұзындығы 3 метр, ені 45 сантимерлік қағазға басылған хандар шежіресі, «Шыңғыс хан және оның билері» қолжазба генеологиясы мен «Шыңғыс хан шежіресі» атты 1906 жылы Қазан қаласында басылып шыққан шығарма енгізілген.
Сонымен қатар, «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының Сирек қорындағы парсы тіліндегі кітаптардың каталогы, шет тіліндегі сирек кездесетін кітаптардың мазмұндалған суретті библиографиялық көрсеткіші және Ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы материалдар жинағының мазмұндалған библиографиялық көрсеткішінің IV, V, VI томдары көпшілік назарына ұсынылды.
«Бұл кітаптар қалың көпшілік оқырман үшін, сондай-ақ, фольклортанушылар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, әлеуметтанушылар және журналистер үшін таптырмайтын құнды дүниелер. Ғылыми кітапхананың қорындағы аса сирек кездесетін бұл басылымдар — ұлттық байлығымыз, кезінде бір ғана данамен шыққан теңдесі жоқ рариреттер. Оларды халқымыздың баға жетпес рухани мол қазынасы деуге болады», — деді «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева.
Бұл аталған кітаптардың электронды нұсқасы «Ғылым ордасы» РМК ресми сайтында жарияланады. Көпшілік оқырман және ғалымдар енді кітапханаға келмей-ақ, осы сайтқа кіріп, аталған кітаптар бойынша жұмыс істей алады. Тек көшіріп алуға болмайды.
Айта кетелік, бүгінгі таңда «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында 5,5 млн. астам кітап қоры бар. Солардың ішінде 300 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталған. Бұл жерде қолжазбаларға қатысты бумалардың саны — 22 мың дананы құрайды. Сондай-ақ, кітапхана қорында 10 мыңнан астам шығыс тілдеріндегі кітаптар, 606 фотокөшірме, 2200 микрофильм және қазақ және орыс тілдерінде 90 мыңға жуық сирек кітаптар бар.