ОҚО әкiмi Бейбiт Атамқұлов жұмыс сапарымен Түркiстан қаласына барғанда «Ақ жол» ЖШС-нiң нан өнiмдерiмен танысқан болатын.
2014 жылы iске қосылған нан өндiру цехы жылына 450 миллион теңгенiң өнiмiн шығарып, қазiргi таңда мұнда жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңiр басшысы серiктестiктiң тындырымды тiрлiгiне ризашылық бiлдiрiп, нан зауытын басқа аудандардан да салу қажеттiгiн айтқан болатын. Көп уақыт өтпей «Ақ жол» ЖШС-i Сарыағаш ауданынан да нан зауытын салуға кiрiскен едi.
Бүгiнде Сарыағаш ауданындағы нан зауытының құрылысы толықтай аяқталып, небәрi 3 ай iшiнде тәулiгiне 10-50 тоннаға дейiн өнiм бере бастады. Әзiрге мұнда нан өнiмдерiнiң 32 түрi шығарылуда. Алдағы уақытта оның түрлерi көбейе бермек. Зауыт толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталып, төрт пеш орнатылған. Мұнда ас атасының бағасы да анағұрлым арзан, ал, сапасы өте жоғары әрi 30-35 минутта дайын болады. Сонымен қатар, өндiрiс толық автоматтандырылған. Ұн сақтайтын қойма, нан сататын дүкен бар.
– Елбасы Н.Назарбаев кәсiпкерлiктi ерекше қолдап отыр. Облыс, аудан басшылары да қол ұшын берiп келедi. Сарыағаш ауданының әкiмi Б.Парманов жұмысымызға қолдау бiлдiрiп отыр. Сарыағашта «Яссы» деген атаумен филиал ашып, жергiлiктi тұрғындарды жұмысқа тарттық. Нанның бағасы қолжетiмдi, яғни 50 теңгеден 170 теңгеге дейiн сатылуда, – дейдi нан зауытының директоры Насиба Сабыржанова.
Серiктестiк Сарыағаш ауданындағы 25 ауыл округiнде дүкен ашуды қолға алып отыр. Дәмдi, ыстық нан бiрден тұтынушыға жетедi.
– Тұрғындардан алынған тапсырысты дайындап беруге зауыттың мүмкiндiгi бар. Қазiргi таңда Сарыағаш ауданына күнiне бес мыңнан астам нан өнiмдерiн сатып отырмыз. Ендi Мақтаарал, Шардара аудандарынан тапсырыстар түсуде. Келешекте зауыттың өндiрiстiк қуатын ұлғайтатын боламыз. Қазiр кондитерлiк цехтың құрылысы жүрiп жатыр. Онда тәттiлердiң 500-ден 2000 тоннаға дейiн 100 түрi шығарылатын болады, – дейдi зауыт басшысы.