Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдыртпау, сондай-ақ адамгершілік және мәдени салтты дамыту мақсатында 2016 жылдың 29 ақпанында Астана қаласы Жастар саясаты баскармасы және Ішкі істер департаментінің бастамасымен «Студенттік құқықтық тәртіпті сақтау жасағы» атты жалпықалалық жоба басталды.
Пресс-конференция барысында жасақ қатарына елордамыздың 3-4 ЖОО мен колледждерінен 400-ден астам студент қабылданды.
Бұл жоба заң факультетінде білім алып жүрген студенттер үшін таптырмас мүмкіндік. Себебі олар өз білімдерін тәжірибе барысында қолданып, сыннан өткізеді. Осы Іріктеу кезінде негізгі талаптар — студенттердің оқудағы үлгерімі, спорттық жетістіктері мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі бойынша таңдалады.
Студенттік жасақ құрамы жыл бойы құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде профилактикалық жұмыстар мен ҚР заңдарын ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізіп отырады. Сонымен қатар, осы жылдан бастап жыл соңына дейін ерекше көзге түскен студенттер «Жас сақшы» ерешелік белгісімен марапатталады.
Басқарманың хабарлауынша, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Студенттік құқықтық тәртіпті сақтау жасағының көмегімен 15-тен аса рейд өткізіліп, 500-ден аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Биыл өткен жылға қарағанда жасақ қатарындағы сақшы саны екі есе көп болмақ.