Алматыда «Медеу аруы-2016» байқауы өтті. 16 жастағы КИМЭП студенті Ақбота Жұмакәрімова Еуропаға жолдама ұтып алды. Жеңімпаз бойжеткен Париж қаласында демалатын болды.
Айта кету керек, Ақбота конькимен мәнерлеп сырғанап қана қоймай, «Титаниктегі» саундтрекке билеп берді.
Екінші орынға тұрақтаған Қазақ Мемлекеттік сәулет және құрылыс академиясының студенті Әсел Әбдуәли 75 мың теңге ұтып алды. Ол құммен сурет салып, қазыларды тәнті етті.
Үшінші орынға Ксения Иляхина есімді модель лайық деп танылды. Оған онлайн-дүкенде 50 мың теңге көлемінде сыйлық алды.
Байқауда барлығы 8 қыз бақ сынағысы келген. Олардың біреуі денсаулығына байланысты сайыстан шығып қалды. Өнерлі арулар түрлі талантымен қатар, мұзда жақсы сырғанай алуымен ерекшеленді.
Финалға шыққан қыздар Медеу мұз айдынының тарихы туралы сауалдарға жауап беріп, ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ, әр қатысушы өзі туралы бейнеролик түсірді.