Қазақстанның Төрелік палатасы құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Төрелік туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Әділет министрі Берік Имашев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, заң жобасында төреліктер қызметін реттейтін жаңа тәсілдер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, төрелік келісімнің дербестік қағидаты бекітіледі. Құпиялылық қағидатының қолданысы кеңейтіледі.
«Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар субъектілеріне және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында басым жағдайға ие субъектілерге, сондай-ақ екiншi деңгейдегi банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға төрелiктер құруға тыйым салынады. Бұл сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар факторларын және төрелiк шешімдер қабылдауға сырттан әсер етуді болдырмайды», — деді Әділет министрі.
Оның айтуынша, төрешілерге қойылатын біліктілік талаптары да күшейтіледі. Сонымен қатар, заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі — Қазақстанның Төрелік палатасын құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
«Бұл палата төрешілердің қызметін іске асыру, ынталандыру және қолдау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Олардың ұлттық және халықаралық деңгейде төрелікке қатысуына септігін тигізеді. Тұтастай алғанда, заң жобасында белгіленген шаралар елімізде төрелік қызметке жаңа қарқын беруге, осы саладағы халықаралық стандарттар талаптарына оның сәйкес келуін барынша қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мүліктік дауларға қатысушылардың құқықтарын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Б. Имашев.