Биылдан бастап мұғалім мамандығын таңдаған талапкерлерді ҰБТ-дан бөлек, тағы бір сын күтіп тұр.
Ол – екі кезеңнен тұратын психологиялық тест. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандары бұл жаңашылдық болашақ ұстаздардың мамандыққа деген икемін анықтауға мүмкіндік береді деп отыр. Биыл Аида Мұқанова мектепті бітіреді. Алда ҰБТ-мен қатар, оны арнайы емтихан да күтіп тұр. Алайда талапкер бұл сыннан қорықпайды. Керісінше, мұғалім деген қастерлі мамандықтың шынайы иелері анықталып, сол арқылы қоғамда педагогтардың беделі де арта түспек деп есептейді.
Аида Мұқанова, Астана қаласы №66 мектеп-лицейдің 11-ші сынып оқушысы: — Менің атам – ұстаз. Ол кісі әлі күнге өз мамандығы бойынша жұмыс істеп келеді. Бастауыш сыныптан топ басшысы болғандықтан, оқушылар алдында жауапкершілікті сезіне білемін. Маған мектепте жұмыс істеп, оқушыларға көмектескен ұнайды. Ал 20 жылдан бері шәкірт тәрбиелеумен айналысып келе жатқан Бақытжан Мұхтарбекова да тың жаңалықты қолдап отыр. Айтуынша, оқу бітіріп келген жас мамандардың көбі жұмыстың ауыртпалығына шыдамай, өз еркімен өтініш жазып кетеді екен.
Бақытжан Мұхтарбекова, орыс тілі мен орыс әдебиетінің мұғалімі: — Педагогигалық мамандыққа түсу үшін ұлттық біріңғай тестілеуден өту жеткіліксіз. Шығармашылық емтихан өткізген дұрыс. Ол талапкердің ішкі жан дүниесін ашуға септігін тигізеді. Ұстаздық мамандыққа үлкен қызығушылықпен келу қажет. Арнайы емтихан бірінші кезекте сапалы кадрларды дайындау мақсатында қолға алынып отыр. Емтиханның бірінші бөлімі психологиялық тесттен тұрса, екіншісінде түрлі жағдайлар кезінде педагог ретінде шешім қабылдай білу қасиеті бағаланатын болады. Сыннан сүрінбегендер ең жоғары 25 балды жинайды. Ал емтиханнан өтпегендерге басқа мамандықтар ұсынылмақ.
Серік Өмірбаев, ҚР БҒМ ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаментінің директоры: — Педогогикалық мамандықтар тек мемлекеттік тапсырыспен ғана емес, жоспарлы түрде жүзеге асуда. Біз мектептерге ұстаздық қабілеті жоқ адамдарды жібермеуге тиіспіз. Серік Өмірбаевтың айтуынша арнайы емтиханды талапкерлер өз қаласында өтіп, Қазақстанның кез келген оқу орнына түсуге құқылы.