Домой Жаңалықтар Наурыз көже құпиясы

Наурыз көже құпиясы

Наурыз көже құпиясы

Наурыз көже құпиясыЖыл басы — Наурызды наурыз көжесіз қарсы алатын қазақ жоқ. Ұлыстың ұлы күнінде әр қазақтың дастарқанынан наурыз көже табылады.

Бұл тағамның 7 түрлі дәмнен әзірленетінін бәріміз жақсы білеміз. Наурыз көженің арнайы бір рецептісі жоқ. Әркім қолында бар азық-түлікті қосып, әзірлейді. Тек дәм саны жетеу болса болғаны. Көкөністер, тіпті жемістер қосып әзірлейтіндері де бар. Сөйтіп, Наурыз мерекесінде әр шаңырақтағы әжелер мен аналар қазанға сүр ет салып, көже асады. Көжеге қосатын дәнді дақылдарды да әркім өз қалауымен салады: бірі бидай, бірі арпа салып жатса, енді біреулер жүгері, күріш, қарақұмық қосады, әйтеуір талғамымен таңдандырып, дәмді етіп әзірлеп жатады.

Кейбір жеңгелеріміз құртты езіп, малта салса, енді бірі айран, қатық құяды. Сондықтан болар, әр үйдің наурыз көжесі бір-біріне ұқсамайды. Көпті көрген, тірлікте тәжірибесі мол әжелер май сақтаған қарынды жуып алып, көженің түбіне салады екен. Қарын әбден тұз сіңгендіктен де көжеге дәм кіргізеді. Өте ежелгі бұл әдіспен жасалатын көже бойында қышқыл элементтері жетіспейтін адамдар үшін таптырмас дәрумен болары сөзсіз. Сол сияқты ертеден келе жатқан наурыз көжеде қолданылатын тағы бір әдіс — жылқының ысталған жалын дәкеге түйіп қайнату. Көбіне батыстықтар меңгерген бұл әдіспен дайындалған көженің дәмі тіптен ерекше болады. Жылқының жалын аршамен, адыраспанмен, әртүрлі тау шөптерімен ыстайды. Сондықтан да ол көженің құрамына емдік әсері бар нәр қосады.

Біз жыл сайын 14 наурыздан бастап наурыз көжені бірнеше қайтара жасайтын, дастарқаны берекелі келіншек Гүлназ Сәрсенбаеваны әңгімеге тартқан едік.
— Әлі есімде, ол кезде мен баламын, Наурыз тойы Ырғызда 1986-1987 жылдары тойланды. Еміс-еміс білемін. Анам Наурыз тойланғалы бері наурыз көже асатын. Анам қыстағы соғымнан наурыз көжеге деп бөлек ет сақтайтын. Себебі, сүрленген ет наурыз көженің дәмін тіл үйірердей ететінін айтып отыратын. Сол есімде қалыпты. Содан мен де келін боп түскеннен бері, яғни 1995 жылдан бері жыл сайын Наурыз мерекесінде «Несібе-ырыздығымыз мол болсын!» деген ниетпен наурыз көже әзірлеймін. Әлбетте, Ұлыстың ұлы күнінде қазан толтырып, болса, қазы-қарта салып, ет асамыз, — дейді ол. Одан әрі Гүлназ Сәрсенбаева бізге өзінің наурыз көжесінің құпиясын айтты: «Мен әуелі қойдың құйрық майын шыжғырып, шыжығын сүзіп аламын. Қазандағы сол майға сүр қазыны немесе сүрленген етті мейіздің көлеміндей етіп турап, сәл қуырамын. Сосын үстіне су құйып қайнатамын. Ет піскен кезде дәнді дақылдың бірін саламын. Көбіне күріш салады екенмін. Ағарғансыз наурыз көже болған ба, міндетті түрде сүт құямын. Көженің татымына қарай тұз саламын. Соңғы кездері тары қосып жүрмін. Наурыз көжем дәмді болып шығады».
Гүлназ жұбайы Еркінғали екеуі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. 4-сыныпта оқитын Дінмұхаммед «Ақжелкен» аула клубының мүшесі екен. Домбырада күй тартады. «Ақжелкендіктер Наурыз тойын тойлағанда ұлыма наурыз көже асып, беріп жібердім», — дейді «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы педагогикалық өлшеулер орталығының бағалаушы-сарапшысы Гүлназ Сәрсенбаева.
«Тапсырыстар түсіп жатыр…»

aktobegazeti.kz

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here