Домой Жаңалықтар Білім Сингапурдың білім беру жүйесі

Сингапурдың білім беру жүйесі

3
Сингапурдың білім беру жүйесі

Singapore-2

Жарты ғасырға жуық уақытта үшінші əлем елдерінен бірінші əлем елдеріне көшкен ел — Сингапур. Оның негізгі құндылығы — білім жəне жемқорлықсыз саясат. Білім жүйесінің негізі — ағылшын тілі. Жəне Сингапурдағы білім барлық шетелдіктер үшін қолжетімді.

Мектепке дейінгі білім беру

Балабақшалардың барлығы дерлік жеке меншік. Олар діни ұйымдар жəне бизнес қорлармен басқарылады. 3-6 жас аралығындағы балалар санау, оқу, қарым-қатынас негіздерімен қатар үш тілді — қытай, малай, ағылшын тілдерін меңгереді.

Бастауыш мектеп

Бастауыш мектеп, керісінше, толығымен тегін жəне міндетті болып табылады. Ол екі кезеңнен тұрады: негізгі жəне бағдарлы. 1-4 сыныпта негізгі пəндерді оқиды. Бізден айырмашылығы — құқық негіздерін де меңгереді.  5-6 сыныптарда бала өзіне қажетті бағдарды таңдай алады. Аяқтаған соң міндетті түрде емтиханнан өту арқылы ғана келесі  сыныпқа жіберіледі.

Орта мектеп

Емтиханнан кейін оқушылардың орта мектепте оқитын бағыты мен бағдарламасы таңдалады. Ол бағыттар төмендегідей:

— арнайы

— жылдам/экспресс-бағыт

— академиялық

— техникалық

Ал, білім бағдарламасы біріктірілген жəне кəсіби болып бөлінген.  Орта мектеп 4 жылға созылады, тек академиялық бағыт 5-6 жыл бола алады. Арнайы бағыт толыққанды орта білімді аттестат береді. Жылдам бағыт тереңдетілген ана тілін оқытумен сипатталады. Осы екеуінің аттестаттары О-деңгейі деп аталады. Ал, қалған екеуінікі сəл төмендеу N-дəрежесі деп аталады.

Осыдан кейін оқушылар колледждерде, техникумдарда, т.б. білім ала алады. Жалпы, Сингапурдағы мектептер ЖАН-ЖАҚТЫЛЫҒЫМЕН ерекшеленеді. Балаларға таңдауға мүмкіндік жасалған.

ЖОО

Мектеп пен колледжді бітіргеннен кейін барып Сингапурдағы университетке түсуге мүмкіндік ала аласыз. Түсу үшін қабылдау комиссиясына құжат тапсырып, сұқбаттасудан өтесіз. Керек болған жағдайда түсу емтиханын тапсырасыз.

Шетелдіктер үшін сингапурлық білім ақылы жəне өте қымбат. Əртүрлі бағдарламалар арқылы шəкіртақыға ие болуға болады, бірақ, ол тек шығынның 1/2 немесе 2/3 бөлігін жабады.

Университтер мемлекеттік жəне жеке меншік болып бөлінеді. Жеке меншіктер ,негізінен, экономика жəне заң ғылымдарын оқытады. Ал, мемлекеттік 3 университет бар: Сингапур Ұлттық Университеті, Сингапур Техникалық Университеті, Сингапур Менеджмент Университеті.

Сингапурда оқығысы келетін шетелдік студентке, ең алдымен, демеуші керек. Ол кез-келген заңды жəне жеке тұлға бола алады. Демеушіден кейін студенттік виза керек. Оны алу үшін:

  • белгілі бір оқу орнын бітіргеніңіз жайлы аттестат,
  • шетелге шығатын куəлік
  • демеушіңіздің 10000 сингапурлық доллар салған есепшотының қағазы
  • демеушінің жеке куəлігі керек.

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Əлем бойынша білім беру жүйесі үлкен талқылауға жəне өзгеріске түсіп отыр. Реформа бойынша алдыңғы орында Сингапур қала-мемлекеті болып табылады. Ол жерде мектептегі мұғалімдер үлкен абырой мен жалақыға ие. 35% университет бітірушілер мектепке мұғалім болып барады. Сингапур оқушылары 11 күн ғана демалып сабақ оқиды.

Негізінен, әр оқушыны өмір бойы білім алуға мотивация береді, жаңа технологияларды тез меңгеруге, кәсіпкерлік негіздері мен әр сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

Сингапур 1997 жылы Thinking Schools, Learning Nation жобаларын іске қосты. Білім сапасы болу үшін бастысы мықты мұғалім мен көреген директор болу керек деп есептейді. 2015 жылдан бастап Сингапурда мектепке университеттің топ-түлектерден, яғни, ең үздіктерін ғана мұғалім ретінде алуды енгізген.

Шарт бойынша мұғалімдер міндетті түрде 3 жыл мамандығымен жұмыс жасау керек. Әйтпесе, оқуына кеткен шығынды мемлекетке қайтаруға міндетті. Мұғалімдердің жалақысы бәсекеге сай, орташа 2,5 мың доллардан басталады. Оған қоса ай сайын әртүрлі сыйақылар беріліп, жыл сайын 100 сағаттық деңгей көтеру курстарының ақысы төленеді.

Директор болу үшін мастер-мұғалім болуың керек. Жалпы тестілеуден өтіп, жарты жылдық тренингке қатысу керек. Сосын шетелде болып, әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтуы шарт.

Автономды мектептер идеясымен Сингапурда кластерлер қалыптасқан. Оны директорлардың жол сілтеушісі болып табылатын суперинтендант басқарады. Құрамына 12-14 мектеп кіреді. Ал, кластерлер 7-еуден бір білім беру округіне жатады. Жалпы, Сингапурда 4 білім беру округі бар.

Сингапур алдағы 5 жылда білім беру жүйесіне 55 млн доллар жұмсауға дайын. Білім және ғылым министрі Хенг Суи Киттің айтуы бойынша, әр мектеп жақсы нәтиже беретін саласына қарай маманданып, сол жағынан тереңделуі тиіс. Әр мектеп бір саланы таңдап, даму бағдарламасын министрдің алдына ұсына алады. Осындай жолға түскен 190 мектеп бар, бұл елдегі мектептің 50% құрайды. Ол спорт, өнер немес экологиялық білім болуы мүмкін. Ондай мектептер мемлекет бюджетінен 3 жылда бір рет қосымша 150 мың доллар қаражат ала алады. Мектепте әр баланың жеке қасиеттері мен таланттарының толықтай ашылуына мүмкіндік беру үшін сыныптан тыс шаралар көп мөлшерде ұйымдастырып, мектептердің бір-біріне ұқсамауын қадағалайды.

БОЛАШАҚТЫҢ МЕКТЕПТЕРІ

2007 жылы Сингапурдың білім министрлігі технологиялық компаниялар Ассоциациясымен және бірнеше ірі IT компаниялармен бірігіп «Болашақтың мектептері» жобасын бастады. Бастапқыда 6 мектеп таңдап алынғанымен, артынан 8 мектепке апарып, 2015 жылдан 15 мектеп қылды.

Негізгі мақсаты – ақпараттық технологияларды қолданып білім беру жүйесіне жаңалық енгізу.  Әр оқушының пікірін біліп, идеясын іске асыру.

Canberra Primary School оқу процесіне ойын технологияларын енгізумен айналысады. Үш деңгейден тұратын 6 жылдық бағдарлама жұмыс жасауда: ашылу, ғаламдық оқушы, үйлесімді оқушы. Әр деңгей сабақ кестесіне қалыптасқан пәндермен қатар қабілеттердің дамуына бағытталған арнайы пәндерді кірістірілуімен жасалған.

Nan Chiau Primary School оқушыға жауапкершілік алып, оқу процесіне өз түзетуін енгізуіне мүмкіндік береді. Оқу бағдарламасын өзгерту үшін мектепте мобилді қосымша белсенді түрде қолданылады. Оған қоса, мектеп қытай тілін үйренуді оңайлататын бағдарлама жасауда.

Ngee Ann Secondary ақпараттық технологияларды қолдану арқылы мектептегі бағалау жүйесіне жаңа бағдарлама жасауда.

Бұл тәжірибелер мен зерттеулер тек сингапур мектептеріне ғана пайдалы болмақ емес. Дәл осы тәжірибелер арқылы түбегейлі мектеп өмірін жаңартатын жаңа тәсіл ойлап табылады сенеміз.

Автор: Ботакөз Қамзан

3 КОММЕНТАРИИ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here