4-6 сәуірде Астанада жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Үш күн бойы полицейлер Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, Мемлекеттік кірістер департаментімен және қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп желіге шықпас бұрын қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын тексеріп, автобустарды нормативтер мен стандарттардың талаптарын бұзып басқару және пайдалану фактілерін, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауды анықтау бойынша шаралар, сондай-ақ, жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып медициналық және техникалық тексеру шараларын, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауын тексеру бойынша шаралар өткізеді.
Сонымен қатар, жолаушылар көлігі жүргізушілерінің тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдау жоспарланған.