Кеше Қазақ Ұлттық өнер университетінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алаш қайраткерлерінің бірі Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай «Ұлы даланың ұланымын» атты студенттер айтысы өтті.
Айтысқа оқу орнының «Дәстүрлі ән» кафедрасы «Айтыс» мамандығының студенттері, сонымен қатар Астана қаласы жоғары оқу орындарының таңдаулы айтыскерлері қатысты.
Бірінші жұп болып, сахнаға Ардакерей Кәп пен Төрехан Совет шықты. «Алғашқы нардың жүгі ауыр» десе де, аға — іні болып, бақ сынаған екі жастың айтысы кештің қызықты болатынына күмән қалдырмады.
Барлығы жеті жұп өнер жарыстырды: Сырым Әділбек — Таңжарық Ержан, Аруна Керімбек — Данияр Алдаберген, Дәурен Ысқақ — Дәурен Полатбаев, Рауан Хайдаров — Рай Дөңбай, Нартай Тілеуқұл — Сұлужан Таубалды, Бек Шымат — Нұрқанат Қайрат.
Әділқазылардың шешімі бойынша, ең үздік өнер көрсеткен Рай Дөңбайға Бас жүлде (100 мың теңге) табысталды. Бірінші орынды Ардакерей Кәп (75 мың теңге), екінші орынды Аруна Керімбек (50 мың теңге) иеленді. Дәурен Полатбаев үшінші орынды қанағат тұтты (40 мың теңге).
Айтыстың мақсаты – от ауызды, орақ тілді ақындардың жүрекжарды жырымен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру және азаттық жолында алтын бастырын бійгеге тіккен Алаш ардагерлерін еске алу, атамұра өнерді дәріптеу болып табылады.
ҚазҰӨУ қабырғасында тұңғыш рет өткізілген айтыста үздік өнерімен дараланған ақынға – Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры, ҚР Еңбек Ері, Әлем әртісі Айман Мұсахаджаеваның арнайы жүлдесі табысталды. Сонымен қатар, үш жас ақын, атап айтсақ, Рай Дөңбай, Ардакерей Кәп, Аруна Керімбек Республикалық ақындар айтысына жолдама алды.
Айта кетейік, айтысты ұйымдастырушы Қазақ ұлттық өнер университеті Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасы.
Фото Мұхтар Ерубаев