Елордамызда Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылады. Ол Орталық Азиядағы кәсіби хореографиялық білім берудің толық циклі бар бірінші оқу ордасы болмақ.
«Қазақ ұлттық хореография академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ҚР Үкіметінің 2015 жылы 11 наурыздағы №126 қаулысына сәйкес құрылды. 2016 жылдың мамырында республикада Академия студенттерін қабылдау жарияланады», делінген жаңа оқу орнының хабарламасында.
Академия балет өнерінің түрлі саласында білім беруді жүзеге асырады және кішкентай кезден кәсіби балет орындаушыларын дайындайды.
Хореография академиясында балет әртістері негізгі жалпы немесе орта жалпы білім базасында кәсіби білім алатын болады. Білім берудің көпсатылы формасы — Бастапқы білім, Техникалық және кәсіби білім, Жоғары білім (бакалавриат), ЖОО-дан кейінгі білім (магистратура), Сонымен қатар ЖОО-дан кейінгі білімнен (докторантура PhD) тұрады.
Оның негізгі қызметі «Балет әртісі», «Би ансамблінің әртісі», «Режиссер хореограф», «Хореограф педагог», «Спорттық баллдық би педагогы», «Өнертану» және «Арт-менеджмент» мамандықтары бойынша кадрларды даярлау.
Қазақ ұлттық хореография академиясы оқушыларына тегін білім береді. Сонымен бірге аталған оқу ордасының шәкірттері тұратын орны мен медициналық қызметке төлемейді.
Академияның оқу бағдарламасы барлық жалпы білім беру стандарттары бойынша жүзеге асырылады.