Айтыскер ақын Сырым Әуезхан Германияның Кельн қаласында өтетін айтысқа қатысады. Бұл туралы ақынның өзі «Шалқар» радиосына берген сұхбатында айтты.
— Енді, біз əр айтыс сайын көрерменнің көңілінде сақталар сөз айтып, жадында жатталар жаңалық жасап кетуге тырысамыз. Алла нəсіп етсе, Кельнде де ерекше айтыс көрсетеміз деген үміттемін. Əзірге, жаңалығымыз құпия болсын…
Бұған дейін Түркияның Стамбул қаласында өнер көрсету нəсіп болған болатын.
Қазақ халқы қай кезде де қара өлеңнің қадіріне жеткен, аталы сөздің астарын ұғынған ел емес пе? Міне, осындай қазақылық қасиеті қанына сіңген Еуропа елдеріндегі қандастарымыз осы жылғы құрылтайларына Алаш ақындарының қатысқанын қатты қалап отыр екен. Əсіресе, айтыс ақындарының арасынан Мұхамеджан Тазабек, Жандарбек Бұлғақов жəне мені аттай қалап шақырып отырғаны себепті біз де дүниенің батысындағы аға-бауырларымызбен қауышар сәтті қалт жібермеуді жөн көрдік. Осы шараға ұйтқы болып отырған Еуропа қазақ федерациясы, Кельн қазақ мəдени қоғамына ризашылығымызды білдіреміз, — деді С. Әуезхан.
Айта өтейік, 2016 жылдың 14-15 мамыр күндері Германияның Кельн қаласында өтетін Қазақтар құрылтайына Еуропалық 14 мемлекеттен 2000-нан аса қандастар қатысады.
Ұларбек Дәлейұлы