Жақын арада елордада көп деңгейлі кәсіби хореографиялық білім берудің толық циклін іске асыратын жоғары оқу орны ашылады. 26 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясына шәкірттер қабылдау басталады. Хореография академиясында мектеп жасындағы балалар мен жастар балет өнерін меңгереді.
Білім берудің көпсатылы формасы бастапқы, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ, жоғары (бакалвриат) және ЖОО-дан кейінгі (магистратура, докторантура PhD) білім беруден тұрады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Академияның негізгі қызметі «Балет әртісі», «Би ансамблінің әртісі», «Режиссура», «Хореография», «Өнертану» және «Арт-менеджмент» мамандықтары бойынша кадрларды даярлау. Қазақ хореография академиясын құрудың мақсаты Қазақстанда хореография өнерін дамудың жаңа деңгейіне шығару, сонымен қатар, жастарға рухани және эестетикалық тәрбие беру болып табылады.
Хореография академиясында балет әртістері негізгі жалпы немесе орта жалпы білім базасында кәсіби білім алатын болады, бұл профилін еркін түрде өзгерту немесе басқа оқу орындарына ауысу мүмкіндігін береді. Шәкірттер балет өнерінен бірегей тәжірибе жинау үшін шағын және үлкен сахналарда өнер көрсетеді.
26 мамырда Хореография академиясына балаларды қабылдау басталады. Комиссия үміткерлердің функционалдық кәсіби және физиологиялық қасиеттеріне қарай, соның ішінде жас үрдісіне, денесінің иілгіштігіне, музыкалылығы мен ырғақтылығына, сахналық пластикасына, эмоционалды толықтығына, темпераментіне, сондай-ақ, көптеген психологиялық факторларды ескере отырып, іріктеу жүргізеді.
Академия ғимараты Хусейн бен Талал көшесі, 9 мекен жайы бойынша ЭКСПО-орталыққа қарсы орналасқан. Оқушыларға 498 грант ұсынылады, сондай-ақ, ақылы негізде де білім алу мүмкіндігі қарастырылған.
Аталған өнер ордасы отандық балет мәдениетінің орталығына, хореография өнері саласында шығармашылық жобаларды және әлемдік деңгейдегі жаңа шығармаларды дайындау зертханасына айналмақ.