Елордада жол қозғалысы жас инспекторларының кезекті қалалық слеті өтіп жатыр. Биыл конкурста 10 адамнан тұратын 7 команда бағын сынауда. Балалар саптық дайындық, зардап шеккендерге бастапқы медициналық жәрдем көрсету, көшедегі жүрісті реттеушінің қимылдарын тану бойынша жарысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бүгін М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының сахнасында жеті команда аудандық іріктеуден өтіп, қалалық кезеңде бәсекеге түспек. Жеңімпаздар еліміздің барлық өңірлерінің командалары қатысатын республикалық конкурсқа жолдама алады.
– Биыл слет 16-шы рет өткізіледі. Ең басты мақсатымыз — барлық мектеп оқушыларының өзара қарым-қатынасын құру. Балалар республикалық слетта 10 күн бойы лагерьде болып, басқа аймақтардан келген балалармен араласады. Мұндай конкурстар оларды ой-өрісін дамытуға, кеңейтуге қосымша ынталандырады, – деді жергілікті полиция қызмтінің ювеналды полиция бөлімінің басшысы Бақытгүл Сарина.
Слет бағдарламасы жеті конкурстан тұрады, балалар велосипедпен мәнерлеп жүреді, тапқырлар мен білгірлер сайысына қатысады, ал үгіт-насихат бригадалары конкурсында әртістік өнерлерін ортаға салады.
Конкурс жеңімпаздары Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.