Дәл қазіргі кезең еліміздегі мыңдаған жасөспірімнің алаң көңіл күйде жүретін шағы. Себебі, оқу жылы аяқталуға таяу. Орта мектептің тоғызыншы және онбірінші сыныбының түлектерін «Қандай мамандықты таңдасам екен?» сауал үнемі мазалайды. Бәрі де қай мамандықты таңдайтынын және оны таңдаған кезде қателеспеу керектігін ойлайды. Балаңыздың жаны қалаған мамандықты дұрыс таңдауы ең маңызды іс. Сондықтан осы кезде ата-ананың «Өзің шеш, өзің біл!» деп шеттеп қалуы үлкен қателік. Баланың өзіне салмақ сала, ақылдаса отырып жәрдемдескен жөн.
Ол үшін алдымен балаңыз қандай мамандықтар бар екендігін және бұл мамандықтың не үшін керектігі туралы өзі ізденсін. Мамандық жайлы толық түсінік алу үшін: «Маман иесі не істейді?», «Оның қызметінің нәтижесі неге алып келеді?», «Қандай жағдайда жұмыс істейді?» деген сұрақтарға жауап тапсын. Ақпараттарды қайдан алуға болатынын қарастырсын.
Егер балаңыз бір мамандықты ұнатып, соған табан тіресе сол саламен бірге танысуға ерінбеген дұрыс. Мүмкіндігі болса балаңыз таңдаған саланың мамандарына бірге жолығып, бірге қызықтасаңыз тіпті жақсы. Кәсіби мамандар өз жұмыстары туралы тартымды әңгімелер айтып берсе, оның өзі таңдаған мамандығына деген қызығушылығы арта түседі.
Әрине, балаға білген ақыл-кеңесіңізді аямаған абзал. Кез келген жұмыс мамандық емес. Еңбектің мамандық деп аталуының өзіндік шарттары бар екенін түсіндіріңіз. Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Дүниеде жаны қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар. Дұрысы, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың қатарында болу ғой.
«Ең қиын мамандық – адам болып қалу» депті бір ақылман. Мамандық таңдаушы жасөспірімдер шаруаның барлығы жақсы маман болумен шектеліп қалмайтынын күні бүгіннен түйсінсе жақсы. Бірер жыл озғанда түрлі мамандық иесі атанған жастар тек жеке басына пайда табамын деп емес, ұлтыма, отаныма қандай пайда келтіремін деген ынталы жүрекпен қоғамға араласса нұр үстіне нұр емес пе…
Төлеген Жәкітайұлы,