Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі республикада 5 жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық мектеп» деп танылды. Бұл туралы бүгін Соңғы қоңырау салтанатында мектеп директоры Дәуірхан Пірмағамбетов айтты. Сонымен қатар ол биылғы жылы 38 оқушы ғылыми конкурстар мен түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары болғанын да атап өтті.
— Білімді, білікті мамандары көп ел ғана мықты мемлекет бола алады. Болашақта Қазақстанның озық 30 елдің қатарына кіруіне бүгінгі білімді ұрпақ үлес қосуы тиіс. Міне, осы бағытта Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тілеймін. Құрметті түлектер! Бүгінгі күн Сіздер үшін ерекше күн, үлкен өмір жолының бастауы болғалы тұр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында сіздерге ақ жол, сәт сапар тілеймін. Өмірде қанаттарың талмасын, озық ойлы, білімді, парасатты азамат болыңдар, — деп облыс әкімі Амандық Баталов ізгі тілегін жеткізіп, түлектерді тәрбиелеп, білім берген ата-аналары мен ұстаздарының атына да алғысын жеткізді.
Салтанатты жиын мектептің үздік оқушыларын номинация бойынша марапаттаумен жалғасты. Олимпиада жеңімпаздары, белсенділер, спортшылар, жас ғалымдар облыс әкімі мен мектеп директорының қолынан марапат алды.
Шет елдердің түрлі жоғары оқу орындарында студент атанған түлектердің де есімдері аталды. Олар – Мағжан Мұратов, Елена Ли, Алина Пак – Венгрия, Валентин Шумаков, Айым Бақытбайқызы – Сингапур, Жәңгір Қоржымбаев – Гонконг, Павел Мацко, Эвелина Кан Ресейге оқуға түскен.
Жалпы, Алматы облысында бүгін 737 мектепті 13 408 оқушы бітірді.