Астанадағы Ұлттық музейде «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрме өз жұмысын бастады. Көрме Орталық Азия өңірінде тұңғыш рет жарық көрген «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесері аясында ұйымдастырылып отыр.
Ұлттық музейде екі айға жалғасатын «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрмеде 128 жылдық тарихы бар беделді басылымның әлемді өзгерткен ең үздік фотолары ұсынылған. Онда Стив Маккарридың дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызы» суретінен бастап, Джейн Гудоллдың таңғажайып кадрлары, Томас Аберкромбидің 1965 жылы түсірілген Мекке көрінісі және «National Geographic» тарихындағы басқа да танымал фототуындылар паш етілді. Сондай-ақ, келушілер 10 000 ваттық жарықпен 4 022 метр тереңдікте Эмори Кристоф «тірілткен» Титаниктің суретіне тәнті болып, керемет әсерге бөленді.
Айта кетейік, «National Geographic» — әлемдегі ең беделді қоғамдық ұжымдардың бірі. Негізі ХІХ ғасырда қаланған брендтің меншігіне бірқатар телеарналар, журналдар, баспа үйлері кіреді. «National Geographic-тің» бүгінде әлем бойынша 600 миллион аудиториясы бар. 128 жылда қоғам ғылыми-зерттеу жұмыстарына 11 000 грант бөлді. Басылым бетіндегі мақалалар шынайы әрі түбегейлі ғылыми зерттеулерге негізделген. Басылым әлемнің 38 тілінде, 80-нен астам елге тарайды және ғаламшарды аялауды насихаттап, оны қорғауға үндейді, Жер шарының қайталанбас табиғатының әдемілігін сақтауға шақырады.