Сұлулық пен сымбат тәрбиесінде халқымыз жан сұлулығын басты орынға қойған. «Сұлу болғың келсе, алдымен сыртыңды емес, сырыңды түзе» деп үйреткен. Сонымен бірге тән сұлулығына да баса назар аударып, дене мүшелерінің сымбатты болуын қадағалаған. Аналар қыздары жеті жасқа келгенде беліне белбеу буындырып қойған. Он екіге толғанда жауырының астынан келетіндей етіп арқан керіп, үстіне жатқызған. Қыз сонда талшыбықтай бұралып бойжетеді.
Қыздары әдемі киініп, сымбатты өсірудің мәні бар. Шолпы, сөлкебай, маржан моншақ бағалы заттар қыз көркіне көрік қосумен қатар, қыз баланың жан сезімін сұлулыққа бөлейді. Қимыл қозғалысын, қылығын әсемдікке дағдыландырады. Мысалы, Шолпы, маржан моншақ таққан қыздар оғаш қимыл жасаса, шолпы моншақтары салдырлап жағымсыз дыбыс шығарып, оқыс қылығын дереу қойған.
Епті қимыл, әдемі жүрісте шолпы, моншақ сыңғырлап, қыз әсемдігін ерекшелендіріп түседі. Шолпы, білезік, сақина сияқты сәндік бұйымдары көбіне ақ күмістен жасалынған. Халық ұғымында ақ күміс адалдықтың, бақыт байлықтың символы ретінде бағаланған.