10-12 маусымда Оқушылар сарайында әлемнің тоғыз мемлекетінен және еліміздің өңірлерінен келген бишілер бас қосады. Би фестивалі үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Silk Way-2016 шарасына Ресей, Беларусь, Израиль, Грузия, Корея, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінің бишілері қатысады.
7-17 жастағы балалар кіші, орта және ересек топтарда ча-ча-ча, самба, вальс және т.б. танымал бағыттар бойынша өз өнерлерін ортаға салады.
— Бұл біздің ең үздік жобаларымыздың бірі. Біз балалардың өнерін, шығармашылығымыздың ерекшелігін және қонақтарымыздан не үйренетінімізді көрсетпекпіз. Қазылар алқасының мүшелері – тәжірибелі педагогтар – хореографиялық залдарда балалар мен бапкерлерге шеберлік сыныптарын өткізеді, — деді Оқушылар сарайы директорының орынбасары Қымбат Іргебаева.
Фестиваль аясында сондай-ақ, халық билерінен конкурс өтеді.