9 маусым күні сағат 09.00-16.00 аралығында М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласындағы бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі.
Іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы, елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Астана қаласының аймақтық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр.
Іс-шараның мақсаты: Астана қаласындағы еңбек нарығының талаптарын назарға алып, техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының 2016 жылғы түлектерін жұмысқа орналастыруға қолғабыс ету.
Жәрмеңкеге өнеркәсіп, өндіріс, кәсіпкерлік және қызмет көрсету салалары бойынша 50-ден аса ірі компаниялары және 6830 колледж түлектері келесі бағыттар бойынша қатысады: құрылыс және коммуналдық шаруашылық (398 адам), өндіріс, құрастыру, пайдалану және жөндеу (623 адам), байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар (885 адам), көлік (296 адам), қызмет көрсету (931 адам), білім беру (526 адам), медицина (1227 адам), заң (511 адам), өнер және мәдениет (169), экономика және басқару (951 адам), метрология, стандарттау және сертификаттау (107 адам), энергетика (151 адам), мұнай-газ және химиялық өндіріс (21 адам), ауыл шаруашылығы,ветеринария және экология (34 адам).
Жұмыс берушілер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің қызығушылықтарын, қабілеттерін ескере отырып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу туралы әңгімелесіп, өздерінің ақыл-кеңестерімен бөліседі.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары аралас мамандықтың иесі атанудың мүмкіндіктері, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жайлы баяндап, жұмыспен қамту мақсатында колледж түлектерінің жеке мәліметтерін ақпараттар қорына енгізеді.
Қалалық бос орындар жәрмеңкесі жас мамандарға кәсіби бағдарын дамытуға және жұмысқа бейімделуге, еңбек нарығының қажеттіліктерін айқындауға жол ашады. Сонымен қатар шараға қатысушылардың өзара әлеуметтік іс-әрекетін нығайтып, нәтижесінде жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.