Алматыда алғаш рет өткізілген жедел жәрдем бригадалары арасындағы республикалық жарыста елордалық дәрігерлер көш бастады. Мамандандырылған сайыс санитарлық авиация қызметтері, жедел жәрдем және симмуляциялық орталықтар мамандарының конференциясы аясында ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен келген жедел жәрдем бригадаларының командалары қатысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Екі кезеңмен өткен сайыста алдымен шұғыл қызметтер өткір коронарлы синдром, ЖКО зардап шеккен, пациенттерді құтқарды, ересектер мен балаларға жүрек пен өкпе реанимациясын жасады, баланы анафилактикалық шоктан құтқару жолдарын көрсетті. Екінші кезеңде жедел жәрдем бригадалары үй жағдайында әйелді босандырып, жаңа туған сәбиді тірілтуге тырысты, босанғаннан кейінгі қан кетуді тоқтатты. Сонымен қатар, дәрігерлер мен фельдшерлер дәріден уланған немесе ішек инфекциясының әсерінен гиповолемиялық шокқа ұшыраған балаларды емдеді. Алматы медициналық колледжінің студенттері-еріктілер пациенттер болды. Сондай-ақ, манекендер мен қазіргі заманғы симмуляциялық жабдықтар пайдаланылды. Осындай жарыстарды өткізу тәжірибесі оны 10 жылдан бері сәтті өткізіп келе жатқан литвалық әріптестерден алынды. Айта кетейік, қазылар алқасының құрамына Литва жедел жәрдем қауымдастығына мүше сарапшылар енді.
Еске салайық, бүгінде Астана қаласының жедел жәрдем станциясында 85 бригада жұмыс істейді. Күн сайын 2000 астам шақыру келіп түседі. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап дәрігерлер жеделділіктің 1-ші санатындағы (ЖКО, жарақаттар, улану) пациентке 10 минуттың ішінде жетеді. Елордалық жедел жәрдем бригадалары жеделділік көрсеткіштерімен, пациентке жету уақытымен және жұмыс сапасымен ұдайы жұмыс істейді. Биылдан бастап, 100 астам фельдшер израильдік парамедиктерден білім алады.