Астана қаласының Сарыарқа ауданы Ардагерлер кеңесінің өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері жазылған тақтайшаларды орната бастады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында Астана қаласының мәслихаты мен қалалық ардагерлер кеңесі тиісті шешім қабылдаған болатын, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде ауданда 67 соғыс ардагері тұрып жатыр. Олардың үйлерінің іргесіне тегі, аты және әкесiнiң аты жазылған тақтайша орнатылады.
— Өтіп бара жатқандардың барлығы мұнда кім тұратынын біліп жүрсін деген ниетпен тақтайшаларды қабырғаға ілеміз. Бұл ардагерлердің ерлігін ұмытпау үшін жасалады. Мұндай акциялар жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге септігін тигізеді, — дейді Астана қаласының «Сарыарқа» ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ебенғаппас Ахметов.
Ең бірінші атаулы тақтайша ардагер Фролов Алексей Федоровичтің тұрғын үйіне орнатылды. Қария өз үйінің ауласында қонақтарды қуана қарсы алды.
— Әуелі әкімдіктерге, мәслихат мүшелеріне және ардагерлер кеңесіне көрсеткен қамқорлықтары үшін алғысымды білдіремін. Елімізде «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» жобасы қолға алынған. Патриоттық тәрбие беруге баса көңіл бөлініп жатыр. Осы жағдайды пайдалана отырып, жастарға оқуға және жақсы әскери білім алуды тілеймін, ешқашан да сағымыз сынбасын, — деді ҰОС ардагері Алексей Фролов.
Қалалық және аудандық Ардагерлер кеңестері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне белсенді қолдау көрсетуде. Атаулы тақтайшалар ардагерлер тұрып жатқан барлық тұрғын үйлерде орнатылады.