Астананың туған күнінде Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Бағаналы ордам — басты ордам» ақындар айтысы өтеді. Еліміздің ең мықты суырып салма ақындары өзара сынға түседі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сахна төрінде осы кезге дейін талай айтыстарда топ жарған, көпшілікке кеңінен танымал 12 ақын өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназар және басқалары.
Ақындар айтысы атаулы датаға орйластырылып отырғандықтан, айтыстың басты тақырыбы еліміздің жетістіктері мен даму перспективалары, сондай-ақ, егеменді еліміздің қалыптасу тарихы болмақ. Ақындар қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелерді жырға қосады. Айтыскерлер өз ойларын сиқырлы сөзбен айтып, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізіп, өз тыңдармандарын қуантпақ.
«Бағаналы ордам — басты ордам» ақындар айтысының әділ қазылар алқасының құрамына танымал суырып салма ақын, қазақ халқының шығармашылығының осы бір ерекше түрін херттеп жүрген ғалым Аманжол Әлтаев, ҚР халық ақыны Қонысбай Әбілов, белгілі айтыскерлер Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазин және басқалары енді.
Айта кетейік, дәстүр бойынша Астана қаласының әкімдігі ақындар айтысын Елорда күнін мерекелеу аясында осымен оныншы рет өткізгелі түр. Жыл сайын ақындар «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында орналасқан сахнада өнер көрсетеді. Биыл айтыс елордамыздың ең үздік концерт залдарының бірі — Конгресс-холлда өтеді. Шілденің 6-сы күні сағат 15.00-де қазіргі заманғы қазақ ақындарының шеберлігін тамашалауға шақырамыз.