Астанада кеше дуатлоннан жарыс өтті. Аталған турнир Елорда күні қарсаңында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл шараға 500 жуық адам қатысты, соның ішінде спортшылар да, әуесқойлар да бар.
Спорттық жарысқа Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
— Меніңше қала күні қарсаңында бұл барша астаналықтар үшін үлкен мереке. Бәріңізді осы мерекемен құттықтаймын, — деді Кәрім Мәсімов.
Әділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысының елімізде спорт пен мәдениетті дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес спорттық шаралар өткзіліп жатқанын атап өтіп, қатысушыларға спорттық дәстүрлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Жарыс «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңнан басталып, сонда аяқталды. Биыл жарысқа қатысушылар республикамыздың тәуелсіздігінің мерейтойлық датасына орай 25 км бағындырды. Турнир үш кезеңмен өтті: 5 км жүгіру, 15 км велосипедпен жүру және 5 км қашықтыққа жүгіру.
Қатысушылар бес топ бойынша марапатталды. Дуатлоннан жарыста ерлер арасында 29 жасар Евгений Непомнящний және әйелдер арасында 16 жасар Жанерке Асан абсолютті чемпион атанды. Олар сәйкесінше, 56,10 минут және 1 сағат 13,21 минутта мәреге жетті. Аталған қатысушылар 16-30 жас аралығындағы жеңімпаздар. Яков Козлов (1 сағ 1 минут) және Елена Пономарева (1 сағ 22 минут) 31-40 жас санатында жүгіруде топ жарды. 41-50 жас санатында Игорь Карачев (59,43 минут) және Татьяна Михалева (1 сағ 24 минут) көш бастады. 50 жастан асқандар арасында қалада өткізілетін барлық спорттық-бұқаралық шараларға тұрақты түрде қатысып жүрген Болат Жәмішев үздік болды, ол қашықтықты 1 сағ 9 минутта бағындырды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және елордалық спорттық мекемелерге абонементтермен марапатталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін дуатлонға қатысушылар мен қонақтар үшін «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда концерттік бағдарлама, сондай-ақ, лотерея ұтысы ұйымдастырылды.