2 шілдеде Елорда күні қарсаңында Тәуелсіздік сарайы алдындағы ашық алаңда қала тұрғындары мен қонақтары «Баядерка» балетін тамашалайды. Бұл баядерка Никия мен ержүрек жауынгер Солордың арасындағы махаббат жайлы шығыстың романтикалық аңызы. Балеттің тұсаукесері 2015 жылғы 25 желтоқсанда «Астана Опера» театрында өткен болатын. Енді қойылым ашық аспан астында ұсынылмақ, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әсерлі де жарқын, ауқымды бейне-инсталляциялы сауықтық балет, қаламыздағы мерекелік іс-шараларға ерекше көрік бермек. Әлемдік хореографияның әйгілі туындыларының бірі Тәуелсіздік сарайы аясында өтетін мерекеге жаңа рең беретіні сөзсіз.
— Былтыр пирамида аясында «Аида» операсы көрсетілді. Бұл жолы балет қоюға шештік. Жаңа әрі әдемі спектакльдердің бірі болғандықтан «Баядерканы» таңдадық. Оқиға ыстық Үндістанда өрбиді, — дейді спектакльдің қоюшы хореографы Алтынай Асылмұратова. – Далада кеңістікті мүлдем басқаша сезнесің. Алғашында әртістер үшін бұл үйреншікті емес. Қойылымға труппа түгел қатысады. Ауа райы жақсы болады деп үміттенемін.
«Баядерка» балетін театр сахнасынан ашық алаңға шығару үшін біраз уақыт қажет болды. Сарай алдына біздің климаттық жағдайларға сай келетін шыныпластиктен және алюминийден жасалған театрландырылған декорациялар қойылды. Сахнаның өзі үлкен – ені 24 метр. Оның үстіне сахна сыртында биіктігі 13 метрлік аумақ болады.
— Көрерменге арналған 1400 орны бар үш деңгейлі алаң дайындалды, үлкен проекциялықбаннер орнаттық. Біздің техника жаңбыр немесе қар сияқты қолайсыз күн райында да жұмыс істеуге жарамды, – дейді «Астана Опера» театрының көркемдік қойылым кешенінің жетекшісі Виктор Караре.
Айта кетейік, бұл күні басты партияларды «Астана Опера» театрының жетекші солисттері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева (Никия), Тайыр Гатауов (Солор), Гауһар Усина (Гамзатти) орындайды. Қойылымға 120 жуық балет әртісі мен миманс қатысады.