Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі аясында және «Астана» күні мерекесіне орай, ОҚО Сарыағаш ауданындағы Ақтөбе және Тегісшіл ауылдық округтерінде екі мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Қос елдімекендегі ғимараттардың ашылуына облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Е.Тілеубердиев пен Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарлары А.Есбаев пен Қ.Қыстаубаевтар қатысты. Пайдалануға берілген мәдениет нысандарының екеуі де толықтай құрал-жабдықтармен, компьютерлермен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Мәдениет үйлерінің жанында кітапхана, оқу залы, жоғары жылдамдықта істейтін интернет пен телефон байланыстары бар.
Ауданның Ақтөбе ауылдық округіндегі Қызыләскер елді мекенінде орналасқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысына облыстық бюджеттен 91 млн. теңге қаржы жұмсалған, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Ал Тегісшіл ауылдық округіндегі Таскескен елді мекенінде орналасқан 75 орындық мәдениет үйіне облыс қазынасынан 61 млн. теңге қаралған.
Жалпы аудан бойынша осы жылы мәдениет нысандары жоқ ауылдық округтер мен елді мекендерге мәдениет нысандары, яғни, ауылдық клуб пен кітапханалардың құрылыстары жүргізілуде. Оның ішінде, Сарыағаш қаласы және Бірлік, Жібек жолы, Құркелес ауылдық округтерінде мәдениет нысандарының құрылысы осы жылы аяқталып, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы меркесіне орай, халыққа осы жылдың қыркүйек айына дейін толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл 4 саябақ пен 1 мәдениет үйінің жобалық сметалық құжаттары дайындалып, облыстық салалық басқармаға тапсырылды.