Шешендік өнермен баспасөз бетін шиырлап, ақпарат айдынында үздіксіз қалам сілтеп келе жатқан журналистердің еңбегі қашанда елеулі. Қиындығы мен қызығы мол жаңалық жаршыларын осы аптада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қабылдап, Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады. Осыған дейін облыстық әкімдіктің залында өтіп келген салтанатты шараның шымылдығы биыл тұңғыш рет І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында түрілді. Сөз тізгінін ұстаған тілшілер адамзатты ақиқатқа құрылған ақпаратпен азықтандырып, еліміздің мәдени-рухани өміріне елеулі үлес қосып келеді. Шығармашылықтың қазанында қайнаған публицистика шеберлері қай салада да түрен салып кете беретін әмбебап әрі қоғамдық-саяси өмірде де әу бастан белсенді.
«Қол бастаудан сөз бастау қиын» демекші, журналистика – кез келген адам игере алмайтын күрделі мамандық. Себебі, журналистің бірауыз сөзімен дүйім ел ақпараттанып, таратқан жаңалықтары қоғамда қозғаушы күшке ие болады. Сондықтан, бұл саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі зор. Қазіргі таңда өлкемізде облыстық телеарна, 72 газет-журнал, екі-екіден радио, ақпараттық агенттік және 5 республикалық телеарнаның қосыны жұмыс істейді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бұқаралық ақпарат құралдары әлемдік журналистикамен теңесіп, ашық байланысқа шығуға мүмкіндік алды. Бүгінгідей ақпарат тасқындаған заманда өзгелерден қалыс қалмай, жылдамдықпен жұмыс істеу – уақыт заңдылығы.
Алматы облысының әкімі журналистерге облыс орталығынан аумағы 8360 шаршы метрді құрайтын Журналистер үйін қолданысқа берді. Бұл – тілшілердің жұмыс істеуіне жасалған үлкен жағдай.
Алматы облысының әкімі баспанасыз жүрген жас тілшілерге де ерекше көңіл бөліп, төртінші билік өкілдеріне пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырған. Биылдың өзінде жұмысқа кіргендеріне көп уақыт өте қоймаса да, жас жүректеріне жігер алып, қолдау көрген облыстық «Жетісу» газетінің тілшілері Қуаныш Тұнғатар мен Құралбек Сәбитұлы таяуда, ал тура төл мерекемізде «Жетісу» телеарнасының журналистері Есболат Айдабосын мен Ерлан Жүніс су жаңа пәтер кілтін алды.
Шарада ақпарат айдынында құлаштай жүзіп, жүктеген міндетті мінсіз атқарып келе жатқан бір топ журналистер марапатқа ие болды. Алматы облысның әкімі баспасөз қызметінің бас мамандары Сағыныш Намазшамова мен Қарлығаш Арыстанбекова ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасын алды.
Салтанатты марапаттан кейін республикалық, өңірлік басылымның тілшілері кезек-кезек сөз алып, жыл сайын жүлде беріп, ерекше құрмет көрсететін өңір басшысына ризашылықтарын жеткізді.
Мерекелік шара «Өнер – өшпес мұра» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Мемлекет мүддесі мен Ұлы Даланың мақсат-мұраты жолында аянбай тер төгіп келе жатқан қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналистер қауымы алқалы жиыннан кейін облыс әкімі Амандық Баталовпен естелік суретке түсті.
Журналистер мерекесімен құттықтаған Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев та бір топ жетісулық тілшілерді қабылдап, ақжарма тілегі мен арнайы сыйлық табыс етті.