Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған істер сараланды. Брифингте бағдарламаның ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жүзеге асырылған жұмыстары таныстырылды. Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ахмет Кендірбекұлы мемлекеттік тілдің мәртебесіне, өңірдегі тіл саясатына тоқталды.
Тілдерді дамыту басқармасы алғаш ашылған жылдары қазақ тіліндегі іс-қағаздар бар-жоғы 16 пайызды ғана құраған болатын. 2009 жылы сол көрсеткіш 90 пайызға көтерілді. Бұл басқарманың жемісті жұмысын көрсетеді. Басқарманың ең басты мақсаты – төл тіліміздің мәртебесін асырып, мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде жұмыс жүргізуі. Бүгінгі таңда тілдік жағдайды зерделеу үшін өңірлік атқарушы органдардағы кірісшығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жасалып тұрады. Өткен жылдарға қарағанда Алматы облысы бойынша мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,3 пайызды құрады. Облыста 10 мемлекеттік, 2 жекеменшік мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында төл тілімізді оқыту үйірмесіне 626, ағылшын тіліне 62, орыс тіліне 44 тыңдаушы қабылданды. «Қазтест» жүйесі негізінде 11827 адам тестілеуден өтті.
Спикердің айтуынша, қостілділік – күрделі мәселе. Бұл қазақтардың ішінде орыс тілді азаматтардың көптігінен болып отыр. Бұл мәселені шешудің жолы латын әліпбиі болмақ. Латын әліпбиіне көшкенде қос тіл мәселесі өздігінен жойылмақ. Сонымен қатар, басқармада атқарылған іс-шаралар қазақ тілін дамыта түспек. Осыған орай өткен жылы 20 шара белгіленсе, биыл тағы он іс-шараға көбейген. Жыл басынан «Сәрсенбінің сәтінде» әдеби кеші, тіл және өнер қайраткерлеріне арналған «Тағзым-2» шарасы, «Батагөй», «Алаш мұраты және Мұхамеджан Тынышпаев» атты ғылыми конференция, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты «дөңгелек үстелі», «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» байқауы, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Қарасай аудандық филиалының ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Ахмет Кендірбекұлының айтуынша, облыс аумағындағы көрнекі ақпараттардың жай-күйін қадағалау мақсатында ағымдағы жылдың ақпан-қараша айларында «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы жарияланды. Акция барысында 574 рейдтік зерделеу жүргізіліп, 1076 нысан қамтылды, 376 кемшілік анықталып, оның 312-сі түзетілген.
Облыс бойынша қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны артып, сапасы көтерілген. Қазақ тілінде білім алуға құштар өзге этнос өкілдерінің де саны артқан. Мәселен бүгінгі таңда 8054 өзге этнос балалары қазақ тілінде білім алуда. Бұл – өңіріміз үшін үлкен көрсеткіш. Брифинг қорытындысында Ахмет Кендірбекұлы тілшілерге ерекше рух беріп, жігерлендіріп, азаттығымызды асқақтатуымыз керектігін айтты, деп хабарлайды Жетісу газеті.