«Нұр Отан» партиясы Ұйғыр аудандық филиалы «Сүмбе» бастауыш партия ұйымында Н. Асылбекова мен жастар нұсқаушысы А. Нуражиеваның ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ» партиялық жобалары аясында «Бақытты балалық шақ» атты іс-шара өтті.
Шараның басты мақсаты – мүмкіндіктері шектеулі балаларға позитивті қарау, қоғамдық сананы қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдағы белсенділігін арттыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына 2014-жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстандық жол — 2050» атты Жолдауында «Нұр отан» партиясына мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың өмір сапасын жақсарту бойынша жұмысты тапсырды.
Шараны бастауыш партия ұйымының төрағасы Б. Митанов бастап: «Бүгінгі күні қоғамдағы барша азаматқа тең қарап, бәріне бірдей қолдау көрсету әрбір адамның азаматтық борышы. Алдағы уақытта да осы бағытта көптеген шаралар ұйымдастырып, жұмыстар жасалайтын болсақ, еліміз өркендеп, көркейе түседі», — деп атап өтті.
Жиында балалар арасында Тәуелсіздіктің 25-жылдығына орай, Астана күніне орай суреттер байқауы ұйымдастырылып, балалар өз шығармашылықтарын көпшілікке көрсетті. Бүлдіршіндер сурет салып қана қоймай, жиналған қауымға ән шырқап, өлең оқып, өздерінің өнерлерімен бөлісті. Сондай-ақ, балалармен түрлі ойындар ұйымдастырылып, шараға қатысушы бүлдіршіндер демеушілер тарапынан сыйлықтар мен алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара соңында «Нұр Отан» партиясы Ұйғыр аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі А.Шотаева ұйымдастырушыларға алғысын айтып, бүлдіршіндерге тілектерін жеткізді. Ата-аналар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса екен деген ұсыныстарын білдірді.