Астанада 13 шілдеден бастап жедел медициналық жәрдемнің жұмысын жетілдіру үшін Маген Давид Адом Израиль ұлттық шұғыл көмек көрсету қызметінің жетекші мамандарының қатысуымен тренинг өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Дәрігерлер жарақат алған кезде ауруханаға жатқызғанға дейін көмек көрсету, жүрек-өкпе реанимациясы кезінде шұғыл көмек көрсету стандарттары және т.б. бойынша курстардан өтеді. Оқу барысында симуляциялық технологиялар пайдаланылады.
Тренинг №6 қалалық емхананың шағын станциясында 16 шілдеге дейін өтеді. Барлығы 30 дәрігер мен фельдшер білім алуда.
Айта кетейік, «Астана» оқу-клиникалық орталығы Израильдің жетекші клиникаларымен белсенді жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы елордалық дәрігерлер Тель-Авивте бір апта бойы жедел медициналық көмек көрсетудің тиімді әдістері бойынша тағылымдамадан өтіп, израильдік әріптестерінің жұмысымен тәжірибе жүзінде танысты, Тель-Авив ауруханаларын, парамедиктерді оқытуға арналған симуляциялық тренинг-орталықтарды аралады.