22 шілдеде «Астана» халықаралық авторлық әндер фестивалі шымылдығын ашады. 18-ші рет өткізілгелі отырған шараға Қазақстан, Ресей және Украина елдерінің орындаушылары мен авторлары қатысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Владимир Васильев (Харьков), Раиса Нур (Мәскеу), Надежда Коваленко (Новосібір) және Жеңіс Искаков (Омбы) фестивальдің құрметті қонақтары болады.
Мерекелік бағдарламаға концерттер мен конкурстар енді. Шара сағат 20.00-де қалалар шеруімен ашылады, сағат 21.00-де фестиваль қонақтарының концерті өтеді, ал сағат 23.00 делегациялар өз өнерлерін ортаға салады.
Сенбі күні, 23 шілдеде авторлық әндер фестивалі таңғы сағат 10.00 жаттығудан басталады. Содан кейін балалар концерті, фестиваль қонақтарының қатысуымен шығармашылық кездесулер мен шеберлік дәрістері, «Пегас» клубының әдеби-поэтикалық оқулары ұйымдастырылады. Сенбілік кеш концертпен аяқталады.
Жексенбі күні гала-концерт пен жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтеді.
Фестиваль Қарағанды тасжолының бойындағы «Причал» қонақ үйінде өтеді. Толық ақпаратты 8-701-532-4408 телефоны бойынша алуға болады.