Бүгін Алматы облыстық мәдениет және мұрағат мекемелерінің алғашқы жартыжылдық есебінің қорытындылары мен мәдениет саласының басқа да міндеттері туралы алқа мәжілісі өтті.
Алқа мәжілісінде облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмар баяндама жасап, жарты жылда атқарылған жұмыстар туралы хабарлады.
Баяндамашының айтуынша, бұл саланың бюджеті биылғы жылы 4,8 млн. теңгені құрап отыр. Соның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға 378,5 млн. теңге қарастырылған. Бірінші жарты жылдықтың өзінде мәдениет мекемелеріне 64 штат бірлігі берілген.
Т. Ғұмар мәдениет нысандарының қысқы жылыту маусымына дайындығы, түрлі байқаулар мен фестивальдарға қатысу нәтижелері, мерейтойлық шараларды ұйымдастыру, тағы басқа мәселелерге тоқталып, баяндама соңында алқа мәжілісінің шешімін жариялады.
Осы жиында облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Айгүл Сәбитова, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры Ғ. Темербаева, облыстық М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Ж. Жолдыбаев және басқа да мекеме өкілдері сөз алып, өз құзырындағы мәселелерге қатысты есеп берді.
Жиынды қорытындылаған облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі мәдениет мекемелеріне келушілер қатарын көбейтуге бағаттылған жұмыстарды жандандыру, өнер ұжымдарының репертуарларын жаңарту, шығармашылық одақтармен жұмыс жасау, сала мамандарының кәсіби біліктілігін аттыру секілді бірқатар тапсырмалар берді.