ХХ ғасырда белгілі этнограф-ғалым Б. Сарыбаев өз еңбегінде қазақ музыка аспаптарын бірнеше топқа жіктеп, түбегейлі зерттеген. Фольклорлық оркестрлер мен ансамбльдер қатарына енгізіп, аспаптың орындаушылық дәстүрін жолға қойды [1]. Дегенмен, кейбір аспаптардың сыры толық ашыла алмай, оның орындаушылық деңгейі қосымша, сүйемелдеуші ретінде ғана қалыптаса бастайды. Осындай аспаптардың бірі – қазақтың көне жетіген аспабы.
Б. Сарыбаевтың еңбегінде жетігеннің көне түрі жайында: «Көне жетігенде құлақ болмаған. Ішектердің астына екі жақ шетінен асық қойылған. Аспап осы асықтарды жылжыту арқылы күйге келтірілетін болған. Даусын көтеру үшін асықтарды ішектердің екі жақ басынан ортасына қарай жақындатқан, ал оларды кері жылжытып, араларын алшақтатса – дауыс төмендеген. Әрбір ішектің бұрауын келтіргенде орындалатын әннің әуені басшылыққа алынған. Ел аузында мынадай аңыз бар.
Қаһарлы қыстың қақаған аязынан мал қырылып, үлкен жұт болады. Қазақтың ауылы ашарлыққа ұшырайды. Онымен қоймай, сүзек ауруы ит арап, ел ішінде көбейеді. Көпке әйгілі күйші қарттың жеті ұлы бірдей осы ауруға шалдығып, бірінен соң бірі көз жұмады. Қаралы қайғыға душар болған күйші көкірегін кернеген мұң-зарын күйге қосады. Үлкен ұлының дәм-тұзы таусылғанда – «Қарағыш», екінші ұлы өмірден қайтқанда – «Қанат сынар», үшінші ұлы қайтыс болғанда – «Құмарым», төртінші ұлы қаза тапқанда – «Ой сөнер», бесіншінің жүрегі тоқтағанда – «Бақыт көшті», алтыншының жамбасы жерге тигенде – «Күн тұтылды», жетіншісі жер жастағанда «Жеті ұлымнан айырылдым» деп азалы күй шерткен екен.
Арнайы аспап жасап алып, әр ұлы қайтыс болғанда бір шектен байлап, астына асықтан тиек қойып отырыпты. Күйші қарттың жеті күйінен кейін «Жетігеннің жетеуі» деген атпен тартылып, ел ішіне кең тарап кетіпті.
Жетігенге ұқсас ішекті аспап өзге халықтарда да бар. Әсіресе түркі халықтарында кең тараған түрлерінің атаулары «Ятаға», «Ятаган», «Етиген», «Ялтаға», «Чаатхан», «Четтыган» деп келеді. Аспаптанушылардың тұжырымдауынша түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптарының пайда болу, шыққан тегі бір. Ендеше олардың аталуы да бір болуы – заңды нәрсе