2016 жылдың 29 шілдесі Райымбек ауданында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Тарихқа тағзым» атты мәдени шара болып өтті. Қарқара жайлауындағы ұлан-асыр тойға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар жиналып, өнер жұлдыздары кештің көркін қыздыра түсті. 150-ге жуық киіз үй тігіліп, облыстағы әр ауданнан жиналған өнерпаздар өз өнерін көрсетіп, белсенділік танытты.
Кеген ауылында орнатылған «Тарихқа тағзым» мемориалды кешенінде қазақ халқының мамыражай заманынан бастап, тарих қойнауына енген елеулі оқиғалар мен бүгінгі егеменді еліміздің өмірі бейнеленген. «Қарқара-Ереуіл» қоғамдық қорының демеушілігімен салынған ескерткіштің сәулетшісі – Жамбыл Кекілов, мүсінші – Бекен Қасетов. Материалы граниттен жасалған ескерткіш стелласының биіктігі – 17 метр. Барельеф тақтаның ұзындығы – 32 метр, биіктігі – 4,5 метрді құрайды. Ата-бабаға құрмет, тәуелсіздік құрбандарының рухына тағзым негізінде бой көтерген ескерткіш, бүгінгі берекелі өміріміздің айғағы іспеттес.
Осындай игі шарада Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Әлтайұлы бастаған ел-ағалары халыққа ізгі ниеттерін білдіріп, ақ тілектерін жолдады. Олардың ішінде КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, «Қарқара-Ереуіл» қорының төрағасы, меценат Жанболат Жөргенбаев, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев та болды.
Кешеннің ашылуынан соң, Қарқара жайлауында жалғасын тапқан мереке, салтанатты жиынға ұласты. «Ереуілтөбе» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, құран бағышталған соң жазба ақындарының жырларына кезек берілді. Ұлттық ат спорт ойындарынан жарыс өткізіліп, 253 шақырымды басып өткен желаяқ марафоншыларды да марапаттау рәсімі болды. «Құнан жарыста» алдыңғы топтағы 11 бала көзге түсіп, үздіктері орындарды өзара бөліссе, аламан бәйге, аударыспақ, қыз қуу ойындарында көзе түскен жүйріктер ел ықыласына бөленді.
Тәуелсіздіктің 25 жылы мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы қатар аталып өткен мереке, мәдени-рухани құндылықтарды, ұлттық патриотизмді шыңдауға бағытталған шараға айналды. Елдік, отансүйгіштік сезімдері туған жерді, туған елді сүюден басталады. Демек, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде, осы сынды игі істердің атқарар ролі басым.
Гулзия САДВАКАСОВА