Астанада хоккейден «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» VII халықаралық турнирінің ашылуы өтті. Бүгін «Барыс» пен қытайлық «Куньлунь Ред Стар» командалары мұз айдынына шықты. Бірінші матчта жаппай төбелес орын алып, қонақтар ойынды жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде, кездесу айдын иелерінің пайдасына шешілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бейжіңдік спортшылар техникалық жеңіліс тауып, елордалық команда 0:5 есебімен жеңіске жетті.
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов ойыншылар мен жанкүйерлерді халықаралық турнирдің басталуымен құттықтады.
— Биылғы Кубок ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтілетін жылы ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде хоккей елімізде кеңінен танымал, хоккей секцияларына жыл сайын жүздеген бала жазылады, болашағымыз зор, бұл қуантарлық жайт, — дейді Фархад Қуанғанов.
Ойын басталмас бұрын ҚХЛ ойыншылары мен бапкерлері кәсіподағының басшысы Андрей Коваленко «Барыс» командасының жаттықтырушысы Андрей Назаровқа 400-ден артық кездесу өткізгені үшін алтын жүзік тарту етті.
Кубоктың алғашқы кездесуі ұзаққа созылған жоқ. «Барыс» командасының ойыншылары Дамир Рыспаев пен Мадияр Ыбрайбеков матч соңына дейін шеттетілді. Ал қытайлықтар ойынды жалғастырудан бас тартқандықтан 5:0 еебімен ұтылды.
Ертең сағат 19.00 елордалық команда мұз айдынында Новокузнецктің «Металлург» командасымен шеберлік байқасады. Халықаралық турнир «Барыс» ХК мұз айдынында12 тамызға дейін жалғасады.