11 тамызда елордада өтетін кезекті тоғызыншы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі білім саласына арналмақ. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер «Жастар» сарайында бас қосады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне мектепке дейінгі ұйымдар, балабақшалар, мектептер мен колледждердің өкілдері қатысады.
Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының мамандары тамыз айында білім саласындағы кадрлар қажеттілігі артатындықтан шара барысында педагогтарға басымдық берілетінін атап өтті.
Астаналықтар сағат 10.00-13.00 аралығында жұмыс берушілермен танысып, сұхбаттасып, өз түйіндемелерін қалдыра алады.
Айта кетейік, Жұмыспен қамту орталығы жыл соңына дейін 12 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.