Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Сарыағаш аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Сарыағаш ауданының әкімі болып Қайрат Аманкелдіұлы Әбдуәлиев тағайындалды, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Қ.А.Әбдуәлиев 1968 жылы туылған, білімі жоғары, ғалым агроном, заңгер.
Еңбек жолын 1986 жылы Түлкібас ауданы Киров атындағы колхозының «Алтын арай» жастар комсомол бригадасының шопаны ретінде бастаған.
Мемлекеттік қызметті өткеруді 1999 жылы Түлкібас ауданы әкімі аппараты аймақтық даму және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған. 2001-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеті Түлкібас ауданының өкілі-бас маманы және төрағасы лауазымын атқарды. 2004-2010 жылдары аралығы ҚР АШМ Түлкібас аудандық аумақтық басқармасының бастығы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің бастығы, инспекция бастығының орынбасары және бастығы қызметтерін атқарған.
2010 жылдың наурыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі лауазымын атқарып келеді.
Сарыағаш ауданын осы уақытқа дейін басқарып келген Б.Парманов басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды.