27 мен 28 ақпан күндері Алматыда «Viessmann» ұсынған трамплиннен шаңғымен секіруден FIS Әлем Кубогының қысқы кезеңдері өтеді. 15 елдің 150 спортшысы, халықаралық «Сұңқар» трамплиндер кешенінде бақтарын сынайды. Аталған тестілік жарыс, 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық аясында өткізіледі.
Бұл туралы Қазақстанның шаңғы спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.
Шаңғымен трамплиннен секіруден Әлем кубогінің кезеңі — Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) жыл сайын өткізетін мәртебелі жарысы. Ол бірнеше кезеңнен тұрады.
Алматының «Сұңқар» трамплиндер кешенінде өтетін қысқы кезеңге 15 елден 150 спортшы қатысады. Олар FIS нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік отыздығына кіретін тұғырдан секірушілер. Eurosport телеарнасы жарыстан екі күн бойы хабар таратады.
«Біздің еліміз үшін бұл айтулы оқиға. Алматыда әлемнің кіл мықты спортшылары бас қоспақ. Бұл жарысты ұйымдастыруда ауқымды дайындық жұмыстары атқарылды. Барлық спортшылар жарыста бүкіл күш-жігерін ортаға салмақ. Өйткені оларға әрбір ұпайды еншілеу аса маңызды. Сондықтан Алматыдағы әлем кубогының кезеңіне, әлемнің топ-30 спортшылары келді, — деді, Қазақстанның шаңғы спорт түрлері қауымдастығының бас хатшысы Игорь Жуков.
Әлем кубогы алдағы жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада аясындағы тестілік жарыс болып есептеледі. Жарыс кезінде қысқы Универсиаданың ұйымдастыру комитеті мен «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінің қызметтері тестілеуден өтеді.
«Әлем кубогының қысқы кезеңі, биыл біз ұйымдастырып жатқан екінші тестілік шара болып табылады. Жақында ғана VI-шы Республикалық Универсиада кезінде дирекцияның бірқатар қызмет бөлімдерін сынақтан өткіздік. Биылға 7 тестілік жарыс жоспарланып отыр. Ал осы жолғы жарыс арқылы біз «Сұңқар» трамплиндер кешенінің үлкен жарыстарды қабылдауда қаншалықты дайын екенін байқап көреміз. Сондай-ақ, дирекцияның транспорт, волонтерлар, хаттама бөлімдерінің жұмысын байқаймыз. Біз барлық Алматы тұрғындары мен қонақтарын алдағы демалыс күндері өтетін жарысты көруге шақырамыз», — деді, 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекциясының жетекшісі Әсет Әбдуалиев.
Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін жарысқа кіру тегін. Ақысыз билеттерді kassir.kz, ticketon.kz, zakazbiletov.kz, tvoibilet.kz сайттарынан алуға болады.
Жарыс бағдарламасы:
27 ақпан, сенбі
13.00 — Ашылу салтанаты
14.00 — Байқау кезеңі, әйелдер
15.00 — Әйелдер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең.
17.00 -Байқау кезеңі, ерлер
18.00 -Ерлер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең
28 ақпан, жексенбі
14.00 — Іріктеу, әйелдер
15.00 — Әйелдер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең.
16.45 — Іріктеу, ерлер
18.00 — Ерлер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең
Viessmann — Viessmann Werke GmbH & Co компаниясына тиесілі сауда маркасы. Бұл маркамен мекемелер мен ғимараттарды жылыту жүйелері жасап шығарылады. Viessmann қысқы спорт түрлерінің біразына демеуші болып жүр. Атап айтсақ: биатлон, шаңғы сайысы, шана спорты, шаңғы қоссайысы мен трамплиннен секіру спорты.
ҚазАқпарат