Домой Блог Страница 48

«Нұрлы жол» арқылы жаңа мектепке қол жеткізілді

adf61456d65af2f9a722e87c4e4833f8Алматы облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде 900 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған бұл жаңа білім мекемесінің іске қосылуы нәтижесінде бұған дейін Д.Қонаев  атындағы  және  № 49 орта мектептердегі үш ауысымда оқыту мәселесі шешімін тапты.

Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтады.

— Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қуанышқа кенеліп, жаңа мектепке кіргелі отырсыздар. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Бұл мектеп Елбасының тапсырмасымен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Нұрлы» бағдарламасымен салынды. Келесі жылы үш ауысымда оқыту мәселесі толығымен шешімін табатын болады, — деді облыс әкімі А. Баталов өз сөзінде.

Аудан тұрғындары мен ата-аналар атынан Алматы облысының және Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы» Төленді Сарыбаев сөйлеп, жерлестеріне ізгі тілегін жеткізді.

Мұнан соң мектептің құрылысын жүргізген «Артемида  ЛТД» ЖШС директоры Салман Асланов жаңа мектептің директоры Камшат Қыстаубаеваға ғимараттың кілтін табыс етеді.

Жаңа білім ордасының табалдырығын аттаған талапты оқушыларға Өмірбеков Жақыпбек ақсақал бата беріп, балғындарға жарқын болашақ тіледі.

Айта кетейік, мектептің жалпы көлемі — 9859,4 шаршы метр. Ғимараттың  құрылыс жұмыстарына, құрал-жабдықтарына барлығы – 1 476,1   млн. теңге, оның ішінде Ұлттық  қордан – 1 330,0 млн. теңге, жергілікті  бюджеттен –  146,1 млн. теңге бөлінген. Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қосымша тағы 34 млн. теңге қаражат қарастырылған.

Қазір мұнда 60 ұстаз қызмет етеді. Бүгінгі күні мектеп 750 оқушымен толықтырылып, 30 сынып жиынтығы бекітілген.

Мектепте әдеттегі оқу кабинеттерімен қатар жаңа модификациялық үлгідегі, атап айтқанда лингафонды-мультимедиялық, информатика, химия, физика, биология, алғашқы әскери дайындық, технология және шеберхана кабинеттері жабдықталған. Сонымен қатар 150 орынға арналған асхана және 2 спорт залы, ІІ қабатында 18 оқушыға арналған оқырман залы, 13 компьютермен жабдықталған кітапхана, 296 орындық мәжіліс залы орналасқан.

Мектеп ғимаратының сыртында 2752 шаршы метрді құрайтын жаңа үлгідегі жасанды газон төселген футбол және волейбол мен баскетбол ойындарына арналған алаң салынған.

Мектеп ауласына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 ақ терек отырғызылып, 17 шырша, 800 түп раушан гүлдерімен және де басқа ағаш түрлерімен абаттандырылды.

ОҚО әкімдігінде 10 айдың нәтижесі бойынша жиын өтті

selektor1Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде аудан, қала әкімдерімен селекторлық жиын өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыс әкімінің орынбасарлары, әкім аппараты және облыстық басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде, 2016 жылдың  10 айының қорытындысы мен бюджеттің орындалуы және «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуы туралы мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық қаржы басқармасының  басшысы К.Мендебаев осы жылдың 10 айында жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 108,2%-ға орындалғанын немесе 6,6 млрд.теңге артық түскенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, есепті кезеңде барлық аудан, қалаларда кірістер бойынша жоспар асыра орындалған. Десе де, бірқатар аудан, қалалар бойынша кейбір жобалар аясында игерілмеген қаржылар бар. Бұл өз кезегінде, бюджеттік бағдарламаларда қаралған шығындарды уақтылы қаржыландыруға кері әсерін тигізеді деді ол.

Басқарма басшысы облыс бойынша бюджет қаржысы 97 пайызға игерілгенін айтып, «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту 2020», «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламаларына бөлінген қаржылардың игерілуіне күнделікті бақылауды күшейту қажеттігіне тоқталды.

Жиында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы бойынша мәлімдеме жасаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов Ұлттық қор есебінен облыста жүргізілетін 50 нысан құрылысына 20 194,7 млн. теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. Атап айтқанда, олар — 26 мектеп, 1 балабақша, 11 инфрақұрылым, 11 тұрғын-үй, 1 жатақхана нысандарының құрылысы.

Сонымен бірге, С.Полатов білім беру саласы бойынша осы жылы құрылысы жаңадан жоспарланған 17 нысан құрылысының 5-уі жоспарланған өндірістік кестеден кешігіп жатқанын жеткізді. Олар — Сайрам, Сарыағаш, Шардара аудандары мен Шымкент қаласындағы мектептер.

Сонымен қатар, баяндамашы Шымкенттегі «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ы арқылы салынып жатқан кредиттік 11 үйдің құрылысы мен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9 қабатты 1 жатақхананың құрылысы туралы айтып, құрылыс жоспарлы кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде, салаға қатысты сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайым бөлінген 4 048297,0 мың теңгенің 97 пайызы игерілгенін хабарлады. Ал ақшаны уақытылы ұқсатпаған нысандар – «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан Шымкенттегі Тассай индустриалдық аймағының құрылысы мен Мақтаралдағы логистикалық орталығының инженерлік коммуникация құрылысы, Түлкібастағы демалыс аймағын газбен қамтамасыз ету жайы және Түркістандағы логистикалық орталықтың құрылысы екен.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Ж.Түймебаев қаржыны кестеге сәйкес игере алмай отырған аудан, қала әкімдері жұмысты барынша жеделдетуі қажеттігін айтып, оның себебін нақтылап, түсініктеме беруі керектігін тапсырды. Сөз соңында Жансейіт Қансейітұлы міндетті тапсырмаларды орындамаған шенділердің тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын да ескертті.

ОҚО әкімі Шымкенттегі мәдениет ошақтарының жұмысымен танысты

b40fa1a5-5b40-4910-8bdf-65461aade11eОңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, «Түрксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен  Шымкент қаласында орналасқан мәдениет нысандардың тыныс-тіршілігімен танысып, өнер қызметкерлерімен жүздесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен аймақ басшысы 2014 жылы Елбасының қатысуымен ашылған «Түркістан сарайы» ғимаратында болды. Танысу барысында облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжанов мәдениет сарайының жұмысы туралы ақпарат берді.

Яғни, ол, 1304 көрермен залы бар ғимараттың сахнада орнатылған дыбыс күшейткіші, жарық беру құрал-жабдықтарының сапасының төмен екендігіне тоқталып, жоғары деңгейдегі концерт өткізу үшін тағы да бірқатар техникалардың жетіспейтінін атап өтті.

Мәдениет үйінің жай-күйімен танысқан әкім облыстың мәдениетін республикалық және халықаралық деңгейге көтеру үшін ең алдымен өнер үйлерінің жұмысын жандандыруды айтып, аталған мекемеге қажетті құрал-жабдықтарды алу мәселесін қарастыруды облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке тапсырды.

Сонымен қатар, өңір басшысы Жұмат Шанин атындағы облыстық  академиялық қазақ  драма театрында болып, ұжыммен кездесті.

Мекеме 1934 жылы құрылған. 2014 жылдың қараша айында жаңа ғимаратқа көшіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 ақпандағы №77 қаулысымен «Академиялық» мәртебе берілген.

Театр  ғимаратында 500 адамға арналған  көрермен залы, мұражай, 2 фойе бар.

Үш қабаттан тұратын театр заманауи құрал-жабдықтармен толық  жабдықталғанымен, сахналық жарық беретін құрал-жабдықтар мен жылу жүйесі  талапқа сай емес. Осыны ескерген облыс әкімі сала басшыларына аталған кемшіліктерді жою мақсатында тиісті шара қабылдап, жұмысты жүйелеуді міндеттеді.

Аймақ басшысы театр ұжымымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік мәселелерді талқылады. Онда өнер азаматтары қызметтік пәтерлердің болмауы мен жатақхананың жетіспеушілігінен кәсіби жас мамандардың тұрақталмайтындығын жеткізіп, басқа да актерлердің әлеуметтік жағдайын сөз етті.

Өз кезегінде мәдениет қызметкерлерінің ұсыныс-тілегін тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжановқа театрға қажетті құрал-жабдықтарды алу, актерлердің әлеуметтік мәселесін шешуді қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, шығармашылық ұжымның талмай еңбек етуіне, ізденістерінің бұдан да  жоғары деңгейде болуына тілектестігін білдіріп, алдағы жылдары халықаралық шаралармен бірге түркітілдес елдер арасында өтетін  байқауларға қатысуға әрқашан қолдау көрсететіндігін жеткізді.

 

«Астана» ФК Қазақстан Кубогының финалына шықты

Елордалық футболшылар павлодарлық «Ертіс» командасымен қарымта матч өткізіп, 5:3 есебімен қонақтардан басым түсті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Сырт алаңда өткен алғашқы ойында «Астана» 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Жартылай финалға жолдама алған тағы бір команда алматылық «Қайрат» «Атырауды» екі матчта да тізе бүктірді. Енді қос команда Қазақстан Кубогын сарапқа салады.

Матч аяқталған соң Станимир Стойлов команданы құттықтап, осы маусым оңай болмағанын атап көрсетті.

«Осы маусым менің командам үшін өте қиын болды. Маусым басындағы біздің кішігірім мақсатымыз Қазақстан Кубогы финалына шығу болатын. Финалдық ойында бүгінгі ойынмен салыстырғанда мүлде басқаша, жинақы ойын көрсетеміз. Бүгінгі ойында көптеген қателіктер жіберді. Жастарға ол әр кез кешірімді. Дегенмен, біз жас ойыншыларды алаңға шығарып, өздерін көрсетуге мүмкіндік береміз. Сол мүмкіндіктерін барынша сәтті пайдалана алғаны дұрыс», — деді команданың бас бапкері.

Сондай-ақ, ол «Қайрат» «Астананы» үш матчта жеңгенін, бұған қоса, елордалық футболшылар Суперкубок үшін күресте есе жібергенін, бірақ осыған қарамастан, ойыншылар Кубок үшін барын салатынын айтты.

Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Аманат» қойылымының премьерасы өтті

М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында «Алпамыс» қазақ жауынгерлік эпосының желісі бойынша қойылған «Аманат» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.  Аталған қойылым Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.

Қоюшы режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекпулат Саттарович Парманов, Алпамыс рөлін сомдаған – астаналық орыс драма театрының актері Максим Ященко, Гүлбаршын рөлін жас актриса Наталья Маштакова орындады. Шығармашылық ұжым репертуарын толықтырған бұл спектакльге театрдың барлық дерлік әртісі жұмылдырылды. Тағы бір ерекшелік – орыс драма театрының актерлері қазақ әндерін орындады. Мысалы: «жоқтау», «Туған жер» және т.б., сондай-ақ, музыкалық әрлеуді жасау барысында қазақ этникалық аспаптар қолданылды: домбыра, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, сыбызғы.

«Биылғы жыл – Қазақстан үшін ерекше. Біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Осыны ескере отырып, біз үшін мазмұны мен көрінісі жағынан мерейтойлық датаға сай болатын материалды ұзақ уақыт іздедік. Кейін, қазақтың «Алпамыс» атты жауынгерлік эпосын таптық. Ол барлық түркі тілдес халықтары үшін ортақ маңызды әдеби мұра болып табылады. Спектакль атын «Аманат» деп қойдық. Себебі, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен бұл эпосты кейін жастар буынына жеткізу – біздің басты міндетіміз, Премьерадан кейін ұмытылатын спектакльдер аз емес. Өз кезегімізде, біз өз алдымызға ұмтылмас, көркемдік жағынан ерекше, сахнада ұзақ жылдар бойы көрсетілетін спектакльді жасауды мақсат етіп қойдық және де сол мақсатқа жеткен сияқтымыз», — деп атап өтті режиссер Бекпулат Парманов.

ОҚО Тарихи-өлкетану мұражайы үздік мемлекеттік музей атанды

h6v0owg75upcx179e1lvbu5hjb3m74Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында мемлекеттік музейлер мен қорық-музейлер арасында ұйымдастырылған «Ең үздік музей» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқау жұмысы қыркүйекте басталып екі ай бойы жалғасқан.

Нәтижесінде байқауға қатысушы үміткерлер Үздік мемлекеттік музей (облыстық дәрежедегі), Үздік қорық-музей, Үздік мемлекеттік музей (аудандық (қалалық) дәрежедегі), Мемлекеттік музейдің (облыстық дәрежедегі) үздік қызметкері, Мемлекеттік қорық — музейдің үздік қызметкері, Мемлекеттік музейдің (аудандық (қалалық) дәрежедегі) үздік қызметкері номинациялары бойынша марапатталды.

«Облыстық дәрежедегі үздік мемлекеттік музей» номинациясын ОҚО Тарихи-өлкетану мұражайы жеңіп алса, «Үздік қорық-музей» номинациясын ШҚО Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы иеленді. «Аудандық, қалалық дәрежедегі үздік мемлекеттік музей» номинациясы бойынша Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек еліміздегі музейлердің қызметкерлері де марапатталды.

Салтанатты шарада сөз алған Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қуатжан Уалиев: «Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үлкен жетістікпен жеттік. Ол жетістіктерге музей саласының қызметкерлерінің қосқан үлесі аз емес. Тәуелсіздік алғалы еліміздегі музейлердің барлығы аяқтарынан нық тұрды. Елбасы Ұлттық музей салуға ұйытқы болып, өзге музейлерді де дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі өтіп жатқан байқау ендігі жерде өз жалғасын табатынына сеніміміз кәміл» деп, музей саласындағы қызметтің маңыздылығына тоқталып өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты — мемлекеттік музейлер мен қорық- музейлердің және музей қызметкерлерінің жұмысын ынталандыру және жетілдіру. Сонымен қатар, музей саласындағы шығармашылық және инновациялық бастамаларға қолдау көрсету.

Жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің атынан дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

ОҚО-ның өнерлі жастары жеңіс тұғырында

c90cc501-5171-4689-a0bd-be7d8bb23b86Оңтүстік Қазақстан облысының студент жастары Ақмола облысында өткен республикалық ХІІ Ұлттық жастар Дельфий ойындарында төрт алтын бір күміс медальға ие болды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

ҚР Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға облыстан 21 жас қатысып 8 номинация бойынша додаға түсті.

Білімді де өнерлі жастарымыз дəстүрлі əн салу номинациясы бойынша облыстық саз колледжінің студенттері Ақжол Өсербай, қыл-қобыз номинациясынан Рахымжан Нұрлыхан, домбыра номинациясы бойынша Дастан Ибрагим, ал халық биі бойынша «Қаракөз» би ансамблі (М.Əуезов атындағы ОҚМУ) алтын медальге ие болса, актерлік шеберліктен, яғни, театр бағытында Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-ң студенттері күміс медальді қанжығаларына байлады.

Аталған шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ден аса қатысушы 17 түрлі номинация бойынша қатысты.

Жеңімпаздар мен қатысушы өнерпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз!

ОҚО әкімі спорт саласының өкілдерімен кездесті

25af18a9-698d-4d7b-b246-30fe05c2448bБүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аймақтың спорт саласы қызметкерлерімен кездесті. Басқосуға облысымыздың спорт ардагерлері мен осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер және үздік спортшылар, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысты. Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайын баяндады. Атап айтқанда, есепті мерзімде облыс аумағында 3,5 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 431 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен бірге, салауатты өмір салтымен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 674172 адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың қамтылуы 23,7 % жетіп отыр.

Бүгінгі таңда, облыс көлемінде 59 (36 олимпиадалық, 23 олимпиадалық емес) спорт түрлері дамытылып жатса, оғландарымыз ҚР чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 390 алтын, 384 күміс, 377 қола медальға қол жеткізген. Ал Азия чемпионаттарында 19 алтын, 15 күміс және 19 қола медальге ие болды. Осы мерзім аралығында спорт түрлері бойынша өткен Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында 16 алтын, 8 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Отырыста жиынға қатысушылар саладағы бүгінде өзекті болып тұрған мәселелердің жайын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, олар ауылдық жерлерде жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға балалар мен жастардың жеткіліксіз дәрежеде тартылуына алаңдады. Сондай-ақ, облыстағы спорт нысандарының тиісті құралдармен жабдықталуының төмендігіне байланысты аталған нысандар мен ғимараттарға қолжетімділіктің жоқтығы және спорт алаңшаларының аздығына наза аударды. Сондай-ақ, спорт жанашырлары басқармаға қарасты облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің медициналық жабдықтармен, фармакологиялық және қалпына келтіру құралдарымен жабдықталмауын, оларды емдеуде күндізгі стационардың болмауын сөз етті.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкімі спорттағы бірқатар салалар бойынша ойын білдіріп, тапсырмалар берді. Спорт нысандарының жоспарлы түрде өз мерзімінде салынатынын ескерткен Ж.Түймебаев қолдағы бар спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, үйірмелердің бағасын қолжетімді ету арқылы оған жастарды көптеп тартуды жүктеді. Аймақ басшысы, әсіресе, спорттың көркем гимнастика түріне қызығушылық білдіріп, жас жеткіншектердің бойына эстетикалық тұрғыдан сұлу саналатын осынау спорттың негізін қалауды тапсырды. Облыс әкімі назарға алған тағы бір мәселе — 4 жыл сайын өтетін халықаралық жазғы Олимпиада ойындарына жарты жыл қалғанда емес, осы бастан дайындалу қажеттігі еді. Бұл ретте, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына түрлі шаралар өткізіп, оның ішінде, ауыл, аймақтардан жарыстар ұйымдастыру арқылы жас таланттарды іздеуді тапсырды. Ал бұқаралық спортты дамытуда өңір басшысы көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық сметалық құнын әзірлегенде үй алдынан салынатын құрылғылармен қамтамасыз етілген алаңқайлардың да міндетті түрде кіруі керектігін ескертті. Сонымен бірге, әкім болашақта облыс орталығынан жаңа спорт сарайы мен стадион салыну қажеттігіне көңіл бөліп, бұл жобаны алдағы уақытта қарастыратынын жеткізді.

Астана жастары елордадағы өмірді жақсарту идеяларын таныстыру

Астанада алғаш рет қаланың белсенді тұрғындарының идеяларын таныстыру алаңы ашылды. ASTANA IDEAS жобасын «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығы елорда әкімдігінің қолдауымен қаланың мәселелеріне бейқам қарай алмайтын жастарға және оның дамуына өз үлесін қосуға ниетті адамдарға арнап әзірлеген, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Түрлі бағыттар бойынша идеялар Astana Mall сауда-ойын-сауық орталығында таныстырылды. Көрермендер мен қазылар алқасының назарына мәдениет, спорт, білім, туризм, инфрақұрылымды дамыту салаларын қамтыған жеті жұмыс ұсынылды. Соның ішінде киім-кешек жинауға арналған әлеуметтік контейнерлер, телефондарды қуаттауға арналған автоматтар, ыдыс қабылдайтын фандоматтар бар. Кейбіреулер біздің қаламызда жүзеге асырылып жатқан жобаларды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді — аялдамаларда автобустардың қозғалысын бақылау, навигациялық ақпарат бекеттерін орнату.

Сондай-ақ, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық құрылғыларды орнату идеясы да айтылды.

Әрбір баяндамадан кейін қонақтарға өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қоюға мүмкіндік берілді. Таныстырылым авторлары өз идеяларын іске асырудың қаржылық жағын да ескерген.

Шақырылған қонақтардың қатарында елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасының, Astana Convention Bureau, Astana Innovations өкілдері және т.б. болды. Шара соңында екі спикерге ынтымақтастық туралы ұсыныс жасалды.

— Жобаның басты міндеттері түрлі бағыттар бойынша идеялар жинау, әкімдіктің қолдауымен үздік идеяларды дамытуға және іске асыруға әсер ететін жағдайларды талдау болып табылады. Бұл — қанатқақты жоба, бірақ болашақта қаланы жақсарту бойынша көптеген идеялар ұсынылатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта кем дегенде екі кездесу өткізу жоспарда бар, — деп хабарлады «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әнуар Нұрпейісов.

Астанада ҚР өңірлерінің ауыл шаруашылық өнімдерінің қорытынды жәрмеңкесі өтіп жатыр

Үстіміздегі жылы ел тәулсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңір — Қуатты Қазақстан» акциясының ұранымен мәдени күндер шеңберінде елордада республиканың барлық облыстарының қатысуымен ауыл шаруашылық өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкелері өтті.

Өңірлік жәрмеңкелерде Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылды.

Елорда әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 3 қырқүйектен 31 қазанға дейінгі кезеңде жалпы сомасы 2 млрд 722 млн теңге болатын 7 412 тонна ауыл шаруашылық өнімдері сатылды және 50-ден аса өнім түрі ұсынылды.

Жәрмеңке өткізілген нүктелер елорданың халық көп жүретін орындарында белгіленді, Оқушылар сарайының автотұрақ аймақтарында, «Хан Шатыр» сауда орталығының қасында және қала әкімдігінің алдындағы алаңда.

Елорданың ауыл шаруашылық басқармасының хабарлауынша, жәрмеңкелерде сатылған ауыл шаруашылығы тауарлары нарықтағыдан 10-15 % төмен бағамен ұсынылды. Тауар бағалары нарықтағы жағдаймен салыстырыла отырып, тиісті өңір өкілдерімен келісілген түрде белгіленгенін айта кету керек. Мысалы, сиыр еті килограмы үшін 1000-1100 теңге аралығында болса, қала бойынша орташа баға — 1200-1250 тг/кг, сүт бағасы бір литр үшін 170 теңге, қала бойынша орташа бағасы 195-200 теңге. Тауық жұмыртқасы он данасы үшін 200 теңге тұрса, қала бойынша 250-300 теңгеден сатылады. Жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы килограмы үшін 50-60 теңге аралығында болды, ал қала бойынша орташа баға 70-90 тг/кг құрайды.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерімен қатар, 120-дан аса мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 25 мыңға жуық астаналыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына спектакльдер, концерттер, суретшілердің көрмелері ұсынылды.

Сонымен бірге, өңір әкімдерінің зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, спорттық және ойын-сауық шаралары өткізілді.

30 қырқүйекте Ақтөбе облысы өкілдерінің қарттар және балалар үйлеріне арнап өткізген қайырымдылық шарасы «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» акциясының әлеуметтік бағытын аша түсті.

Еліміздің барлық аймақтарының ауыл шаруашылық өнімдерінің қорытынды жәрмеңкесі және оңтүстік астананың өкілдері ұйымдастырған мәдени бағдарлама «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» акциясын қорытындылаушы кезең болды. Алматы қаласының мәдени күндері шеңберінде 46 қараша аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары «Алматы — тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесін тамашалады, онда еліміздің ең ірі мегаполисінің тарихы мұражайының қорынан экспонаттар ұсынылды.

Барлық шаралар өткен кезеңде елорда әкімдігі халықты хабардар ету бағытында ауқымды ақпараттық науқан жүргізді.

Дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкелері елордалық тұтынушылар үшін де, аграршылар, фермерлер, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін тиімді болды. ауыл шаруашылық өнімдеріне деген сұраныстың оң қарқынын ескере отырып, елорда әкімдігі өңірлік ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің қатысуымен осындай жәрмеңкелерді тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешім қабылдады.