«Жастар» сарайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос орындар жәрмеңкесіне 43 ұйым қатысты. Жұмыссыз жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірбике, санитар, механик, байланыс жөніндегі маман және т.б. мамандықтар бойынша бос орындар ұсынылды.
Бос орындар жәрмеңкесіне мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қызметтер және т.б. бағыттарда мәселелерді шешуге қатысатын үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Жалпы, жәрмеңкеге мүгедектігі бар 100 астам адам шақырылды, олар үшін жұмысқа орналастыру бойынша жеке оңалту бағдарламалары әзірленді.
— Мұндай шараға алғаш рет қатысып отырмын, түрлі ұйымдардың өкілдерімен әңгімелестім, өз түйіндемемді қалдырдым. Біреуі хабарласар деп ойлаймын, — деді жәрмеңкеге қатысушылардың бірі Алмат Алпысбаев.
Бос жұмыс орындарынан басқа, шара барысында жұмыс іздеп келгендер қолдан жасаған бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Соның ішінде, картиналар, сөмкелер, алжапқыштар және т.б.
— Тігін цехы, шеберханалар бар, олар сонда жұмыс істейді, мамандардан сабақ алады. Жұмыссыз жүргендер шығармашылықпен айналысады, содан кейін өз туындыларын көрмелерге шығарады, сатады, — деді «Көмек» қоғамдық қорының өкілі Ирина Зайцева.
Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, ай басындағы жағдай бойынша жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 522 мүмкіндігі шектеулі жан қамтылды, соның ішінде 174-і жұмысқа орналастырылды.