Ақтөбе облысының прокуратурасы интернет кеңістігін мониторингтеу нәтижесінде криптовалюта арқылы ақшаны жылыстатудың күмәнді схемасын анықтап, соның негізінде Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 150-ден астам дропперді пайдаланған қылмыстық топты әшкереледі. Тергеу барысында заңсыз айналымға 3,5 млрд теңгеден астам қаражат тартылғаны белгілі болды, ал операциялар ATAIX криптобиржасы арқылы жүзеге асырылған, деп хабарлайды Jas.kz.
Облыс прокуратурасы интернет кеңістігін мониторингтеу барысында криптооперациялар арқылы ақшаны жылыстатудың күмәнді схемаларын анықтады.
Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы, сондай-ақ 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді.
Алты күдікті – ұйымдастырушылар мен дропповодтар ұсталып, қамауға алынды.
«Қазіргі уақытта облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ҚР ҚК-нің 214, 262-бабы 1,2-бөліктері, 232-1 және 190-баптары бойынша (цифрлық активтер айналымы саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған және қылмыстық кірістерді заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету фактісі бойынша) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», — делінген хабарламада.
Іс облыс прокурорының бақылауында.
Айта кету қажет, өткен жылдан бастап Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімін орындау мақсатында өңірде «Ақтөбе – алаяқтықсыз аймақ» жобасы іске асырылуда.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу шеңберінде өңірде ауқымды ақпараттық науқан жүргізілді, 420 мыңнан астам «Altel» және «Tele2» абонентіне СМС-ескертулер жолданды.
Қосымша түрде «Қазахтелеком» АҚ қолдауымен кабельдік телевидение арқылы профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, 70 мыңға жуық үй қамтылды.
Профилактикамен қатар нақты практикалық шаралар да қабылдануда.
Атап айтқанда, Ақтөбе қаласы прокуратурасының базасында алаяқтардың қоңырауларын бұғаттауға бағытталған Call-орталық жұмысы ұйымдастырылды. Қазіргі таңда шамамен 6 мың қоңырау тіркелді.
Киберполиция 4 мыңнан астам күмәнді сайтты бұғаттады.
Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары жалғасуда.
